Қаңтардың қаһарлы аязы мен қолайсыз ауа райы еліміздің бірқатар өңіріндегі жол қозғалысына шектеулер енгізді. «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 19 қаңтардағы республикалық маңызы бар автожолдардағы ахуал туралы соңғы мәліметтерді бөлісті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгін таңғы сағат 08:00-ден бастап Абай, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы бірнеше бағытта көлік қозғалысы қайта жанданды. Атап айтқанда, Абай облысында Семейден Павлодар, Ресей шекарасы және Аягөз бағыттарына қатынайтын жолдар ашық. Қарағанды облысында Қарқаралыдан Абай облысына дейінгі аралықта көліктер еркін қатынай алады.
Қай жолдарда шектеу бар?
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында ауа температурасының -30-дан -40 градусқа дейін төмендеуіне байланысты дизельді қозғалтқышпен жүретін көліктер мен жолаушылар автобустары үшін қозғалыс шектелді. Негізгі жабық учаскелер:
-
ШҚО: «Алматы–Өскемен–Шемонаиха», «Өскемен–Риддер», «Өскемен–Алтай–Рахман қайнарлары» және Майқапшағай бағытындағы жолдар.
-
Абай облысы: Қалбатаудан ШҚО шекарасына дейінгі және Семейден Өскеменге дейінгі бағыттар.
Басқа өңірлердегі жағдай
Жетісу облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Үшарал – Достық» жолының 84-164 шақырымы (Көктұма станциясынан Достыққа дейін) көліктің барлық түрі үшін жабық. Сондай-ақ Атырау облысындағы «Атырау – Құрманғазы» учаскесінде де қозғалысқа толықтай тыйым салынған.
Павлодар облысындағы «Қалқаман» айрығында техникалық ақауларға (көпір арқалықтарының зақымдануына) байланысты Астана бағытына шығу және Қалқаман ауылына кіру жолдары уақытша жабылды.
Жүргізушілер алыс сапарға шығар алдында ауа райын мұқият тексеріп, техникалық жағдайды қадағалау керек. Төтенше жағдай туындаса, 1403 байланыс орталығына хабарласуға болады.





