Бүгін, 19 қаңтарда, Қазақстанның әскери күнтізбесінде маңызды мерекелердің бірі – Тәрбиеші офицерлер күні. Cарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйіне жауап беретін, әскердегі тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыратын кәсіби мамандардың мерекесі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда еліміздің Қарулы күштерінде әскери тәртіпті нығайту мен тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары үшін қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және сарбаздардың құқығын қорғау сынды бес негізгі бағыт айқындалды.
Қазіргі әскер тек жабық құрылым емес, қоғамға ашық институтқа айналуда. Мәселен, «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті мен депутаттардың қатысуымен тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сарбаздардың ата-анасымен байланысын нығайту үшін «AIsulu» Telegram-боты мен «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі іске қосылған. Бұл цифрлық шешімдер әскери қызметтің қауіпсіздігін мониторингілеуге мүмкіндік береді.
Әскердегі әрбір жауынгердің ішкі күйзелісі мен жай-күйі мамандардың бақылауында. Бүгінде әскери психологтар заманауи диагностикалық әдістер мен цифрлық құралдарды қолданады. Бұл жүйе әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне уақтылы медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған.
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында көшпелі ақпараттық топтар мектептер мен студенттік ортада жүйелі кездесулер өткізеді. Бұл жұмыстардың барлығының бастауында – тәрбиеші офицерлер тұр. Олардың қажырлы еңбегі армияның жауынгерлік әзірлігі мен сарбаздардың асқақ рухының кепілі.





