Жетісу облысының Панфилов ауданында анасының өз ұлын батареяға байлап қойып, аяусыз ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың жағасын ұстатты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл сұмдық жағдайды сол үйге қонаққа келген әйелдің құрбысы видеоға түсіріп алған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, анасының мұндай ашуына баланың ванна бөлмесіндегі кранды жаппай кеткені себеп болған. Салдарынан астыңғы пәтерді су басып, әйел ашуын баладан алған. Ол кішкентай ұлын батареяға байлап тастап, күш көрсеткен.
Панфилов ауданының орталық аудандық ауруханасының дәрігерлері баланы дереу тексеруден өткізді. Медициналық сараптама нәтижесінде бүлдіршіннің денесінен көптеген соққы іздері, теріасты гематомалары мен анасының қолынан алған түрлі жарақаттар тіркелді. Қазіргі уақытта балаға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде.
Бұл отбасында кәмелетке толмаған екі бала өсіп жатқан. Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екеуі де «Жанұя» орталығына орналастырылды.
Құқық қорғау органдары мен қорғаншылық кеңесі іске дереу кірісті:
-
Баланың анасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды;
-
Тиісті материалдар қамқоршылық және қорғаншылық органдарына жолданды;
-
Әйелді ана құқығынан айыру немесе шектеу мәселесі қарастырылуда.
Мұндай оқиғалар қоғамдағы бала құқығын қорғау мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін көршілер мен жақындардың бей-жай қарамағаны маңызды. Осы оқиғада құрбысының видео түсіріп, ақпаратты жариялауы баланың өмірін аман алып қалуға септігін тигізді. Егер сіз де балаға қарсы қиянатты байқасаңыз, бірден «111» немесе «150» сенім телефондарына хабарласуыңыз қажет.
Бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда және кінәлі тұлға заң аясында тиісті жазасын алады.





