Айнұр Жүгінісованың бастамасымен құрылған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Үйде отырған әжелерді ғана емес, жастарды да, қазаққа жанашыр ер азаматтарды да қамтыған ұйым Алматы қаласында «Зымыран» форумын өткізіп, атқарған істерін көпшілікке таныстырды.
Форумда кәсіптерін дамытқан жастар қазақтың ұлттық нақышымен тігілген киімдер шеруін көрсетті. Ақшаңқан кимешектері жарасқан аналар мен жастар бір сахнада тоғысып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісін көрсетті. Мирас пен Рүстем Жүгінісовтер және өзге де жас әншілер әсем әндерімен жиналған қауымның ықыласына бөленді. Бірқатар азаматқа марапаттар табысталып, бірлестік кеңесшісі Зәмзәгүл Денгелбайқызының еңбегі атап өтілді.
Республикалық ұйымның Жетісу облыстық филиалы Түркістан қаласында өткен, Гиннес рекордтар кітабына енген «Алып сәукеле» жобасына қатысып, ұлттық мұраны әлемдік деңгейде дәріптеуге үлес қосты. Филиал төрайымы Айнагүл ана мен Көксу ауданы тобының төрайымы Мариямкүл ана «рекордшы» орденінің куәлігін алды. Аналар Қызылорда қаласында өткен «Ене мен келін» байқауына да қатысып қайтты. Сондай-ақ, Сарқан қаласына барып, ондағы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» тобы, Ардагерлер және Аналар кеңестерімен бірлесе атқарылған жұмыстармен танысты.
Бірлестік мүшелері Өтенай ауылдық округіндегі №21 мектептің іс- шарасынан, Талдықорғандағы «Шеберлер шеруінен» де тыс қалған жоқ. Балпық би кентіндегі өрттен зардап шеккен отбасыларға ақшалай, заттай көмек көрсетті.
Елге еңбегі сіңген Нұрмолда Алдабергеновтің 120 жылдығына орай облыстық филиалдың өкілдері ұсыныстарын білдіріп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ескелді би ауданы Алдабергенов ауылында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» тобы ашылып, төрайымдыққа Сәуле Мангенова, кеңесшілікке Гүлзия Мералиева сайланды.
Жыл соңында аналар Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада өткен алты кітаптың тұсаукесеріне қатысты. Мұнымен қатар облыстық телеарнадағы «Батыл келін», «Бір шәугім шай», «Таңжарық», «Дәстүр» бағдарламаларына қонақ болып, ұлттық құндылықтар жайлы ой бөлісті. Қазір бірлестік мүшелері алдағы атқарылатын жұмыстарға дайындық үстінде.
Құралай НАУРЫЗБЕКҚЫЗЫ,
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің мүшесі





