TikTok төңірегіндегі ұзаққа созылған геосаяси дау мәресіне жетті. Уашиңтонның қатаң талабынан кейін қытайлық ByteDance компаниясы TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесін жергілікті инвесторларға сатуға мәжбүр болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Енді әлемге танымал әлеуметтік желі АҚШ аумағында «TikTok USDS Joint Venture LLC» деген жаңа атаумен жұмысын жалғастырады. Келісімшартқа сәйкес, Oracle корпорациясы, Silver Lake инвест қоры және Әбу-Даби орталығындағы MGX компаниясы бірігіп, TikTok-тың Америкадағы еншілес кәсіпорнының 45-пайызына иелік етпек. Ал қытайлық ByteDance компаниясының өзінде акцияның шамамен 20-пайызы ғана сақталып, қалған үлес басқа инвесторлар арасында бөліске түсті. Жаңа иелер қатарында миллиардер Майкл Деллдің әулеті, Alpha Wave инвестициялық тобы және Revolution қоры бар.
Доналд Трамп әкімшілігінің басты талабы – пайдаланушылардың дерегін қорғау және алгоритм қауіпсіздігі болатын. Сол себепті желінің жұмыс істеу механизмі енді ByteDance компаниясынан жалға алынып, америкалық аудиторияның мәліметтері негізінде қайта үйретіледі. Бұл қадам АҚШ-тағы контентті сыртқы саяси ықпалдан толық қорғауға мүмкіндік береді деген болжам бар. Қауіпсіздік мәселесін тікелей Oracle компаниясы бақылауға алып, ұлттық стандарттардың орындалуын қадағалайды. Бірлескен компанияның тізгінін бұған дейін де осы салада қызмет еткен Адам Прессер мен Уилл Фаррелл ұстайды.
TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесі шамамен 14 млрд долларға бағаланды. Бейжің сарапшылары бұл соманы өте төмен деп есептейді, өйткені қосымша Америка нарығындағы жарнамадан жылына дәл осындай көлемде табыс тауып келген. Бұл сауданың тарихы Трамптың ByteDance компаниясына қойған талабынан басталып, 2024 жылы Конгресстің «не сатылуы керек, не тыйым салынуы тиіс» деген шешімімен жалғасқан болатын. Жоғарғы сот берген мерзім 2025 жылдың соңында аяқталып, келісім тек 2026 жылдың басында ғана толық түйінделді.
Конструктивті тұрғыдан алсақ, бұл келісім – жаһандық цифрлық нарықтағы алпауыттардың мүдделер тепе-теңдігін табуға тырысқан алғашқы ірі тәжірибесі. Пайдаланушылар үшін бұл сүйікті қосымшасының жабылып қалмауын білдірсе, мемлекеттер үшін киберқауіпсіздіктің жаңа деңгейіне көшудің жолы болып отыр.





