Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өлімі бүкіл елді дүр сілкіндіріп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында полицияның әрекетсіздігі мен қарындасының басынан өткен ауыр күндері туралы ащы шындықты айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Мені күткенде ғой…»
Қайғылы оқиға болған 11 қаңтар күні Сұлтан үйінде болмаған. Ол сол бір жарты сағаттың ішінде бәрі өзгеріп кеткенін айтады:
«Сол сәтте мен үйде болмадым, моншаға кеткен едім. Шамамен жарты сағаттан соң ішім біртүрлі сезіп, телефоныма қарадым. Анамнан бірнеше қоңырау қалыпты. Қайта хабарласқанда, анам қатты шошып, Нұрайға бірдеңе болғанын айтты. Үйге келгенімде маңайды 50-ге жуық полиция қызметкері мен ондаған көлік қоршап тұрғанын көрдім. Әуелде өрт шыққан шығар деп ойладым. Мұндай қасірет өз отбасымызда болады деп ойламадым. Мен моншаға кеткеніме жарты сағат өткенде бәрі болған. Мүмкін, ол соны көрген шығар. Нұрайдың орнына мені күткенде ғой…» – дейді ол егіліп.
Қудалау және күштеп әкету
Сұлтанның айтуынша, бәрі 2025 жылдың жазында басталған. Күдікті Нұрайдың сыпайылығын пайдаланып, оны аңдуды тоқтатпаған:
«Ол оның телефон нөмірін, Instagram парақшасын тауып алып, үнемі хабарласып отырды: гүл жіберді, жазды, қоңырау шалды, соңынан аңдыды. Нұрай өте тәрбиелі, сыпайы еді. Ашық түрде “жоқ” деуге ыңғайсызданды, бірақ ол қудалауын тоқтатпады. Нұрай періште сияқты еді. Ал ол соның сыпайылығын пайдаланды. Бұл – махаббат емес, ашық қудалау болатын.»
Жағдай қазан айында тіпті ушыққан. Күдікті Нұрайды алдап, Шымкентке күштеп алып кеткен кезде де Сұлтан қарындасын құтқаруға тырысқан:
«Ол телефонды тартып алып, көлікке күштеп отырғызып әкетті. Нұрай үй киімінде ғана шыққан, тек “енді соңымнан қал” деп айту үшін барған. Ал Шымкентте оны 20-ға жуық туысы “той” жасап қарсы алған. Мен барып, “сен мұны шынымен қалайсың ба?” деп сұрадым. Ол “Жоқ, Сұлтан, мен сені күтіп отырдым” деді. Біз оны алып шықпақ болғанда, әлгі жақтың адамдары қолымызды ажыратып, бізді күштеп сыртқа шығарды. Полиция шақырдық, тек 15 минуттан кейін келгенде ғана үйге кіргізді.»
Полицияның салғырттығы мен отбасының талабы
Отбасы мүшелері полицияға бірнеше рет жүгінгенімен, ешқандай көмек болмағанын ағасы ашына айтты:
«Үш арызымыз өтпеді. Бірінші рет Нұрай арыз жазбақ болғанда, оған психологиялық қысым көрсетті. Біз полиция бұл адамды да, әкесін де жақсы білетіндей әсер алдық. Кейін прокуратураға жүгіндік – тағы нәтиже жоқ. 102-ге қайта-қайта хабарластық, бірақ бізді тыңдаған жоқ.»
Қазіргі таңда отбасы күдіктіге «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы бойынша ең ауыр жазаны талап етіп отыр:
«Иә, кінәні өз мойныма аламын. Мен мұны өзім де білемін. Бірақ қазір жылап отыратын уақыт емес. Мен Нұрай үшін әділдікке жеткім келеді. Бұл – менің оған жасай алатын ең соңғы ісім. Біз өмір бойына соттауды сұраймыз. Сондай-ақ сот ашық өтіп, тікелей эфирде көрсетілуі керек.»
Нұрай Серікбай мектепті «Алтын белгімен» бітірген, дизайнер болуды армандаған дарынды ару еді. Оның қазасы Қазақстандағы әйелдер құқығы мен қауіпсіздігі мәселесін тағы да өткір қойып отыр.





