Апта басында «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық идеологемасын іске асыру аясында облыстық прокуратурада Ашық есік күні ұйымдастырылды. Кездесуге қатысқан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері құзырлы органның конференц-залында облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановпен кездесті.
Алғысөзде Бауыржан Альбертұлы мұндай іс-шаралардың құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заңға жауапты көзқарасты орнықтырудағы маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.
– Аталған тұжырымдама аясында прокуратура органдары азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Заң әр азаматтан басталады. Қоғамдағы шынайы тәртіп адамның ішкі жауапкершілігі мен заңға деген құрметінен қалыптасады. Күнделікті тәртіп пен адалдық – әділетті қоғам құрудың негізі, ал жастардың бүгінгі заңға деген көзқарасы елдің ертеңгі келбетін айқындайды. Ел Президенті өз қызметінде жастардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді, – деді облыс прокуроры.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, нашақорлық пен алаяқтыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, заңның тиімділігі қоғамның қолдауына тікелей байланысты. Осы тұрғыда әділетсіздіктің кез келген көрінісіне қатаң төзбеушілік танытатын белсенді азаматтардың рөлі айрықша. Болашақ заңгерлер прокуратура органдарында елдің құқықтық жүйесінің сенімді серіктестері әрі кадрлық резерві ретінде қарастырылады. Адалдық пен заңға құрмет бала жастан қалыптасатынын айтқан облыс прокуроры студенттерді заң мен құқық нормаларын сақтауға, өз елінің патриоты болуға шақырып, мұның бәрі әркімнің азаматтық ұстанымына байланысты екеніне тоқталды.
Мұнан соң мінберге көтерілген облыстық прокуратураның кадр қызметінің басшысы Мирас Махметов студенттерге құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке қабылданатын тұлғаларға арналған бастапқы кәсіби даярлықтан өту тәртібін жан-жақты түсіндірді. Оның сөзіне сенсек, үміткерлер құжат тапсыру, тестілеу және әңгімелесу, медициналық және психофизиологиялық тексеру, полиграфологиялық зерттеу сынды кезеңдерден өтіп, мұнан соң Құқық қорғау органдары академиясында ауызша емтихандар тапсырады екен. Мирас Махметов іріктеуден өтіп, Академияда оқуды тамамдаған жоғары оқу орны түлектері бірден қызметке кірісе алатынын атап өтті. Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында Жетісу университеті мен облыстық прокуратура арасында мерзімсіз екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғанын жеткізді.
Одан кейін сөз алған облыстық прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының прокуроры Нұрлан Білібеков прокуратураның күнделікті қызметі, соттарда мемлекеттік айыптауды қолдау және резонансты істерге қатысудың ерекшеліктері туралы баяндады. Мемлекеттік айыптаушының жұмысы заңды терең білумен қатар, ашық сот отырыстарында жедел әрі кәсіби әрекет етуді талап ететінін атап өтті. Кәсіби маман құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударып, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан жіберілген заң бұзушылықтардың прокурорлық қадағалау арқылы қалай анықталып, түзетілетінін түсіндірді. Сөз соңында Нұрлан Білібеков студенттерді заңдарды сақтауға, қаржылық қауіпсіздікке мұқият болуға және ерте жастан ішкі жауапкершілік қалыптастыруға шақырды.
Артынша Талдықорған қаласы прокуратурасының аға прокуроры Дана Сәрсенбай өзінің кәсіби жолы туралы баяндама жасап, болашақ заңгерлерге заң үстемдігін қалыптастырудағы тәжірибесімен бөлісті.
Жиын соңында студенттер облыстық прокуратура музейінің және Ахуал орталығының жұмысымен танысты.
Дастанбек САДЫҚ





