Жыл санап облыс орталығының аумағы кеңіп, көшелер көбейіп келеді. Соған орай қоғамдық көліктер жаңа бағыттар бойынша жүріп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Талдықорғанда №28 және №29 автобус бағыттары жаңадан қосылып, өз жұмысын бастады.
Нақтыласақ, №28 бағыттағы автобус Қызылтас саяжайынан бастап, Гаухар ана көшесі арқылы облыстық ауруханаға дейін қатынайтын болса, №29 бағыттағы қоғамдық көлік Астана даңғылынан орталыққа, яғни Гаухар ана көшесімен «Шығыс» шағын ауданындағы индус-триялық аймаққа дейін барады.
Қазіргі таңда аталған автобус бағыттары екі ай мерзімге сынақ режимінде іске қосылып, мердігердің жеке қаражаты есебінен қызмет көрсетеді. Қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындардың сұранысын ескере отырып, қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландырудың маңыздылығын атап өтті.
– Бұл жаңа маршруттар қала тұрғындарының қатынауын жеңілдетіп, әлеуметтік нысандар мен өндірістік аймақтарға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Сынақ кезеңінің қорытындысы бойынша бағыттардың тиімділігі сараланып, алдағы уақытта тұрақты жұмыс істеу мәселесі қаралады, – деді қала әкімі.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жаңа бағытта 7 автобус қызмет көрсетеді. Ал тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары болған жағдайда тағы қосымша автобус қосу жоспарланған.
Серік ҚАНТАЙ





