Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстанның сыртқы саясаты мен қауіпсіздігі үшін маңызды бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялау мәселесін қарастырады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Парламент талқысына түсетін басты құжаттардың бірі – Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Соңғы 2 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасында 90-нан астам меморандум мен коммерциялық құжаттарға қол қойылған.
Өткен жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиндің елімізге жасаған сапары аясында «Қытай – Орталық Азия» форумы өтіп, құны 24 млрд доллардан асатын 58 ірі жоба мақұлданған болатын. Жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастық еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және «жасыл» экономикаға өту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Мәжілістің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Азаматтық қорғау механизмін құру туралы келісім. Бұл құжат ТМҰ-ға мүше елдердің аумағында орын алуы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет етуді көздейді.
Келісім аясында мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі:
-
Зардап шеккен тараптың сұрауы бойынша шұғыл өзара көмек көрсету;
-
Құтқару бөлімшелерінің кәсіби деңгейін арттыру және ортақ дайындық стандарттарын енгізу;
-
Гуманитарлық және медициналық көмекті үйлестіру;
-
Тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен оқу-жаттығулар өткізу.
Бұл қадам бауырлас елдердің қиын сәтте бір-біріне тірек болу мүмкіндігін арттырып, аймақтық қауіпсіздікті нығайтады.
Бұдан бөлек, депутаттар Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік аясындағы міндеттемелерге өзгерістер енгізуді және Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады. Моңғолиямен сауда қатынастарын жеңілдету отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға жол ашады.




