Бүгінгі таңда экстремизм қоғам қауіпсіздігіне төнетін маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе жастар арасында радикалды көзқарастардың таралуы алаңдатарлық жағдай туғызуда. Мұндай қауіптердің алдын алуда тек мемлекеттік деңгейдегі шаралармен шектелу жеткіліксіз. Бұл үдерісте отбасының атқаратын қызметі ерекше мәнге ие.
Отбасы – тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер ететін алғашқы әлеуметтік орта. Баланың өмірге, қоғамға, адамдарға деген көзқарасы отбасындағы тәрбиеге байланысты қалыптасады. Ата-ананың балаға көрсеткен қарым-қатынасы, күнделікті өмірдегі ұстанымдары мен мінез-құлқы оның болашақтағы шешімдері мен бағыт-бағдарына ықпал етеді. Осы себепті экстремизмнің алдын алуда отбасының тәрбиелік рөлі маңызды болып табылады. Кей жағдайларда экстремистік идеяларға бой алдырудың негізгі себептері отбасындағы немқұрайлылықпен, ата-ананың бала өміріне жеткілікті көңіл бөлмеуімен байланысты болады. Жастардың бос уақытын бақылаусыз өткізуі, интернеттегі күмәнді ақпараттарға қызығушылық танытуы олардың санасына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана баламен үнемі байланыста болып, оның ой-пікіріне, ішкі күйіне назар аударуы қажет. Отбасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнаған жағдайда бала өзіне түсініксіз мәселелерді жасырмай, ата-анасымен бөлісе алады. Бұл – жат идеялардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Ата-ананың балаға ақыл айтуымен шектелмей, оны тыңдай білуі, пікірін сыйлауы да тәрбиенің маңызды бөлігі болып саналады. Экстремизмнің алдын алуда ақпаратты дұрыс қабылдай білу қабілетін қалыптастырудың да маңызы зор. Қазіргі заманда ақпарат ағыны өте жылдам, ал оның барлығы бірдей шынайы емес. Сондықтан ата-ана баласына кез келген мәліметке сын көзбен қарауды, асығыс қорытынды жасамауды, өз ойын дәлелмен жеткізуді үйретуі тиіс. Бұл да радикалды көзқарастарға қарсы тұруға көмектеседі.
Сонымен қатар отбасындағы рухани және адамгершілік тәрбие басты назарда болуы қажет. Ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету, төзімділік пен сабырлылық сияқты қасиеттер бала бойында отбасында қалыптасады. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген жас кез келген агрессивті немесе жат идеяларға қарсы тұра алады. Ата-ананың жеке әрекеті мен өмір салты да баланың тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Балалар көбіне сөзден гөрі іс-әрекетке назар аударады. Егер отбасында жауапкершілік, заңға бағыну, өзара сыйластық сақталса, бала да осы қағидаларды өмірлік ұстаным ретінде қабылдайды. Ал керісінше жағдайда теріс мінез-құлықтың қалыптасу қаупі артады. Отбасының білім беру ұйымдарымен және қоғаммен өзара байланысы да маңызды. Ата-ана баласының ортасын, достарын, қызығушылықтарын біліп отырғаны жөн. Қажет болған жағдайда мұғалімдермен, мамандармен бірлесіп жұмыс жүргізу экстремизмнің алдын алуда оң нәтиже береді.
Қорытындылай келе, экстремизммен күрес – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ал сол қоғамның іргетасы саналатын отбасының бұл бағыттағы жауапкершілігі ерекше. Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасап, дұрыс тәрбие беріп, рухани құндылықтарды қалыптастырған отбасы экстремизмнің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Саналы әрі тәрбиелі ұрпақ – қоғам тұрақтылығының басты кепілі.
Н.Ядыкарова
Киберқауіпсіздік және қарсынасихат бөлімінің маман-теологы





