Ақсу ауданында мемлекеттік қаржы институттары, арнайы техника жеткізушілер мен шаруа қожалықтары жетекшілері арасында кездесу ұйымдастырылды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары тек төмен пайыздық несиелер ғана емес, сонымен қатар егістіктерді өңдеуге арналған дрондардан бастап суармалы су көлемін үнемдейтін жүйелерге дейін инновацияларды енгізу болды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының өкілдері жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін арнайы әзірленген «Іскер» және «Игілік» бағдарламаларына ерекше назар аударылды.
Фермерлерге трактор, комбайн және аспалы жабдықтар мен су тапшылығымен күресу үшін заманауи құрылғыларды сатып алудың, шағын мал мен құс шаруашылықтарын дамытудың тиімді шарттары ұсынылды. Климаттың өзгеруі жағдайында суару мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар, су үнемдеу технологияларының тиімділігін сөз етті. Жаңбырлатып суару су шығынын 50%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретіні, ал тамшылатып суару арық суымен салыстырғанда ресурстың 90%-на дейін үнемдейтін ең тиімді шара екені тілге тиек етілді.
Аудан әкімі Берік Тынышбаев мұндай жүй- елерге көшу шаруашылықтардың серпінді дамуы үшін қажет екенін атап өтті. Дрондарды пайдалану дезикацияны хирургиялық дәлдікпен жүргізуге, зиянкестермен күресуге және дақылдардың күйін бақылауға мүмкіндік береді, бұл химиялық заттар мен жанар-жағармай материалдары шығындарын айтарлықтай азайтады.
Кездесуде Берік Тынышбайұлы мемлекет субсидиялардан бастап жеңілдікті несиелерге дейін барлық қажетті құралды ұсынатынын, фермерлердің ендігі міндеті – осы тетіктерді тиімді пайдаланып, технопаркті жаңарту және өндіріске ғылыми тәсілдерді енгізу екенін айтып, ой түйді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





