Ішкі істер министрлігінде полиция қызметіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу мәселесі талқыланды. Жұмыс кеңесіне Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау және арнайы органдар, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ мен «ҰАТ» АҚ өкілдері қатысты.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін арттыру, ішкі істер органдарының қызметіне ЖИ технологияларын енгізу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері қаралды.
Жедел басқару орталықтарын аудандық деңгейге дейін дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл орталықтар ішкі істер органдарындағы басқарудың заманауи моделінің негізгі элементіне айналып келеді. Сонымен қатар көші-қон бақылауын күшейтуге бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды.
Жаслан Мадиев цифрлық шешімдер мен ведомствоаралық үйлесімділіктің маңызын атап өтіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұсынылған жобаларды одан әрі дамыту және іске асыруды тапсырды.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Саденов цифрландыру мен жасанды интеллект Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында заңдылықты нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралына айналып отырғанын айтты.





