Жетісу облысында «Біз есірткіге қарсымыз» ұранымен спорттық жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарқан ауданында әртүрлі жас санаттары бойынша Жетісу облысының шаңғы спортынан чемпионаты өтті. Аталған жарыс «Біз есірткіге қарсымыз» ұранымен ұйымдастырылып, кәсіби спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларды бір арнаға тоғыстырды.
Спорттық дода салауатты бәсеке, бірлік пен өзара қолдау рухында өтті. Көптеген қатысушылар үшін бұл чемпионат физикалық төзімділікті сынаумен қатар, спортты, тәртіпті және зиянды әдеттерден ада болашақты таңдауға бағытталған азаматтық ұстанымды білдіру мүмкіндігіне айналды.
Жарыс басталар алдында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысушылар мен көрермендерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында есірткі қылмыстары үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат беріліп, заң талаптарын сақтау мен өмірлік таңдаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сарқан ауданында өткен чемпионат спорттың қоғамдағы жағымсыз құбылыстардың алдын алудағы тиімді құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар физикалық денсаулықты нығайтумен қатар, заңға бағыну, саналы көзқарас және белсенді өмірлік ұстанымға негізделген құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.






