Жұмыр басты пенде болған соң әрбір күннен, апта мен айдан жақсы бір жаңалық күтетінің белгілі. Содан кейін де арайлап атқан әрбір таңға өзгеше бір үмітпен қарайсың. Ондай жақсылық бүгін болмаса ертеңгі немесе одан арғы күні есік қағып, жайраңдап кіріп келе жататын тәрізденеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жасаған Жолдауын да сондай жақсылықтардың қатарында қабылдадық. Қазақстан жаппай құрылыс алаңына айналып, жалпы қазақтың алтын бесігіне айналған ауыл-аймақтарды дамытуға айрықша назар аударылса, басқа да қаншама ірі жобалар қолға алынып жатса жақсылық емей немене?
Жолдауда атап көрсетілгендей, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды екен. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан аспақ. Сондай көрсеткіштердің нәтижесінде еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47- орынға көтерілмек.
Осындайда Кеңес өкіметі тарар тұста одақтық баспасөзде жарияланған бірқатар мақалалары ойға оралмай қоймайды. Ол кезде Ресейдің экономист ғалымдары «Қазақстан Ресейдің есебінен күн көріп отыр, өз алдына мемлекет боламын десе масыл ел қатарында қалады, экономикасы шикізат өндіруге ғана қауқарлы» дегендей тұжырымдарды құлағымызға құюмен болатын.
Сондай мақалалардың уыты өтіп кеткен кейбір шолақ ойлы замандастарымыз тәуелсіздігімізді осы күнге дейін тәрк етіп: «Біз шағын ғана мемлекетпіз, Ресей сияқты қуатты бір елге арқа сүйемесек күнімізді көре алмаймыз» деген ойдың жетегінде жүр. Мемлекеттік мәртебе иеленген қазақ тіліне осы күнге дейін мұрындарын шүйіре қарайтындар да солар. Бәріне әділ төреші – уақыт безбені ондай тұжырымдарды да батыл жоққа шығарып отыр.
Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым декларация жариялаумен орнығып, нығая салмайды. Экономикалық, соның ішінде энергетикалық тәуелсіздік деп салаланып кете береді. Бұл орайдағы мүмкіндіктерімізді құрылысы осы жақында қолға алынатын «Балқаш» пен «Мойынқұм» АЭС-терінің өлшеусіз арттыратыны қуантады. Тек сонда ғана, Жолдауда айтылғандай, электр энергиясын қыстыгүні қымбат бағамен сатып алу, ал жаздыгүні арзан бағамен сату сияқты «қалыпты жағдайдан» құтылатын боламыз.
Бабаларымыздан мұраға қалған ұлан-байтақ аумақты өз қойнауындағы қисапсыз байлығымен ғана құнды деуге болмайды. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы кетілетін сайын даламыз өз перзенттеріне логистика инфрақұрылымын дамыту жағынан да үлкен артықшылықтар беріп отыр. Соған орай қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің 85 пайызы ел аумағы арқылы өтсе, болашақта бұл көрсеткіш қазіргіден де қомақтылана түсетін болса, көңіл тоғаймай қайтеді?
Тәуелсіздік алғанымызға талай жылдың жүзі болса да шын мәнінде соңғы жылдары жандана бастаған күрежол, теміржол салу мәселесі де жарқын болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Иә, Президент Жолдауында аталып өткендей, теңіз жолдарындағы тұрақсыз жағдай құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын өлшеусіз арттырады. Бұл орайда Қазақстан өзінің географиялық орналасуы жөніндегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алады.
Жан жадырататын тағы бір жайт – еліміздің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асыпты. Осындайда тәуелсіздік тізгіні қолымызға жаңа тиген кезде «Дамуға серпін алу үшін орасан мол қаржы – 24 миллиард доллар қажет екен. Шіркін-ай, соншама қаражат қолымызда болса ғой» деп армандаған кездеріміз ойға оралмай қоймайды.
Президент Жолдауында келтірілген деректерді не үшін қайталап, тізбелеп отырмыз? Экономиканың даму көрсеткіштері жөнінен әлемнің талай елінен озып кеткен екенбіз, ендеше халқымыздың тұрмыс-тіршілігі де соған орай бақуатты болуы тиіс. Ең бір қуантатыны, салынатын құрылыстар мен оған бөлінген қомақты қаржы, іске асырылатын ауқымды жобалардың барлығы сол халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әл-ауқатын көтеруге бағытталынып отыр. Жолдау мәтініндегі «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін» деген жолдар бұл тұжырымды нақтылай түседі.
Жүзеге асқан жобалар мен салынатын ауқымды құрылыстың игілігін келешек ұрпақтың көретіні қуанатын жағдай. Дегенмен, ондай игілікті бүгінгі замандастарымыздың да көргісі, пайдаланғысы келетіні, қазірдің өзінде бақуатты тіршілік кешкісі келетіні заңды. Жолдаудағы «…Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру» деген жолдар осы жайтқа нақты жауап береді. Сондықтан да бұл орайдағы жұмыстарды толыққанды іске асыруға бүкіл халық болып жұмылуымыз қажет.
Экономикамыз қаншалықты өркендеп, даму көрсеткіштеріміз қомақтылана түскенімен замандастарымыздың күнделікті тұрмысын тұралатып келе жатқан инфляция деңгейінің жоғарылығы екені белгілі. Оны тежеп, төмендету қажеттігі Жолдау жолдарында да атап айтылды. Ендеше енді біршама уақыт ішінде инфляция ауыздықталып, осынау аса маңызды мәселе шешімін табар деген үміттеміз. Халықтың әл-ауқатын арттырып, жағдайын жақсарту жөніндегі міндеттер де сол кезде нақты шешімін табатын болады.
Сонымен көптен күткен Президент Жолдауын тыңдап, талдап, талқылап жатырмыз. Ендігі мақсат – осынау көңіл тоғайтатын жақсылығы көп, жарқын деректер молынан келтірілген маңызды құжаттан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру. Бұл мақсатқа жету жолында көп болып жұмылуымыз қажет. Сонда ғана, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «…біз темірдей тәртіптің, жоғары жауапкершіліктің және қажырлы еңбектің арқасында көп ұзамай ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертеміз. Ортақ мекеніміз – Қазақстан Республикасын бұдан да қуатты, бұдан да тартымды елге айналдырамыз».
Иә, туған елді бұдан да қуатты, тартымды елге айналдырудан асқан асқақ мақсат болмаса керек.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
«Құрмет» орденінің иегері





