Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен ұйымдастырылған бірыңғай Ашық есік күні аясында сарбаздардың 4000-нан астам туған-туысы әскери бөлімдерге жиналды.
Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұйымдастырылды. Ата-аналар ұлдарының қызмет барысында нені меңгергенін өз көздерімен көрді. Сап және оқу-жаттығу алаңдарында сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.
Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру және әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстарына жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуымен, қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді.
Асханаларда олар сарбаздарды тамақтандыру қалай ұйымдастырылғанын көріп, тағам берілу тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – бірлескен түскі ас болды. Қарапайым өтсе де, мағынасы айрықша бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер етті. Кеше ғана жасөспірім болған ұлдары сенімді, тәртіпті, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын нағыз ер-азаматтарға айналған.
Іс-шараға қатыса алмаған ата-аналар мен жақындары үшін әскери бөлімдердің басшылығы «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметі арқылы байланыс ұйымдастырды.
Бірыңғай Ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен міндет атқарып, жан-жақты қолдауға ие болып отырғанына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл шара армия туралы қалыптасқан теріс түсінікті еңсеруге, сондай-ақ, сарбаздарға деген қамқорлықтың Қарулы Күштер үшін сөзсіз басымдық екенін нығайта түсуге бағытталған маңызды қадам болды.
Амина ТҰРСЫНБЕКОВА,
ЖУ 4-курс студенті





