Қазақстанда орташа айлық еңбекақы мөлшері 443 мың теңгеден асты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа атаулы жалақы 443 315 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,3%-ға өскенін көрсетеді. Алайда инфляция қысымы салдарынан азаматтардың нақты табысы, керісінше, 1,8%-ға төмендеген. Табыстың ақшалай мәнде артқанымен, тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін әлсіретіп отыр.
Ел арасында «Орташа жалақы нақты жағдайды бейнелемейді» деген пікір жиі айтылады. Сарапшылар мұны статистикалық көрсеткіштердің айырмашылығымен түсіндіреді. Егер орташа жалақы 443 мың теңге болса, еңбек нарығындағы медианалық жалақы 317 512 теңгені құрайды. Медианалық көрсеткіш – қызметкерлердің тең жартысы осы сомадан төмен, ал қалған жартысы одан жоғары жалақы алатынын білдіреді. Ал елімізде ең жиі кездесетін модальды жалақы мөлшері – 116 059 теңге. Яғни, қатардағы жұмысшылардың басым бөлігі алатын нақты еңбекақы осы сома төңірегінде.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, табыс деңгейі бойынша алдыңғы қатарда дәстүрлі түрде мұнайлы аймақтар мен елорда тұр:
-
Маңғыстау облысы – 623 059 теңге;
-
Атырау облысы – 613 062 теңге;
-
Астана қаласы – 594 164 теңге;
-
Ұлытау облысы – 586 978 теңге.
Ал ең төменгі көрсеткіштер Түркістан (318 990 теңге), Солтүстік Қазақстан (326 679 теңге), Жамбыл (327 401 теңге) және Жетісу (332 203 теңге) облыстарында тіркелді. Осылайша, ең жоғары және ең төменгі жалақы алатын өңірлер арасындағы айырмашылық 300 мың теңгеден асады. Дегенмен Ақмола, Жетісу және Павлодар облыстарында еңбекақының өсу қарқыны 12-13% деңгейінде қарқынды дамып келеді.
Салалық бөлініс бойынша тау-кен өнеркәсібі (949 524 теңге) мен қаржы саласы (920 985 теңге) көш бастап тұр. Керісінше, білім беру (322 678 теңге), ауыл шаруашылығы (320 808 теңге) мен мәдениет саласының қызметкерлері ең төменгі табыс иелері қатарында.
Экономикалық теңсіздікті азайту және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қолдауды күшейту және табысты арттыру бағытында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болып бекітілді. Бұл төменгі шектегі жұмысшылардың табысын өсіруге оң ықпал етеді.
Жалақы айырмашылығын азайту үшін аймақтарда жаңа өндіріс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті қолдау, мамандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Әсіресе ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау саласы мамандарының еңбекақысын индексациялау – уақыт талабы.





