Көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң — қасіретің», — дейді. Расында, бабадан жеткен салт-дәстүр мен діннің сабақтастығын ұғына білу – бүгінгі жастар үшін аса маңызды.
Дін – адам баласын имандылыққа, ізгілікке, сабыр мен төзімге тәрбиелейтін рухани құндылық. Алайда оны үстірт түсіну немесе теріс бағытта қабылдау жеке адамның ғана емес, қоғамның да тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, жастар арасында діни сауаттың жеткіліксіздігі радикалды және дәстүрлі емес ағымдардың ықпалына түсу қаупін арттырады. Сондықтан мемлекет зайырлы қағидатты ұстана отырып, дінді саясиландыруға, қоғамды бөлшектеуге бағытталған әрекеттерге жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Дінді дұрыс ұстай алмаудың салдары ауыр. Бұл ең алдымен отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне, қоғамдағы алауыздыққа, заңға қарсы әрекеттерге әкеледі. Кейбір жастар ата-анасынан, туған-туыстарынан, тіпті қоғамнан алыстап, өздерін «ақиқат жолындамыз» деп ойлап, қате шешімдерге бой алдырады. Мұның соңы өкініш пен қасіретке ұласатыны белгілі. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Дінді тану ең алдымен білім мен ақылға, сабыр мен парасатқа негізделуі тиіс. Бұл бағытта мешіт имамдары, дінтанушы мамандар, білім беру ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс істеуі қажет. Әсіресе жастарға дінді дәстүрлі, ханафи мәзһабы негізінде түсіндіру – радикализмнің алдын алудың тиімді жолы. Аудан көлемінде діни ахуалды тұрақтандыру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Дін – бөлінудің емес, бірігудің жолы. Оны ақылмен, біліммен, заң аясында ұстана білу – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан дінді дұрыс түсіну мен оны теріс ықпалдан қорғау – қоғам алдындағы ортақ міндет.
Қазақ халқы ежелден дінді салт-дәстүрмен, ұлттық құндылықтармен ұштастыра білген. Ата-бабамыз дін – тәрбие құралы екенін терең түсініп, оны ешқашан саясатқа немесе алауыздыққа пайдаланбаған. Бүгінгі ұрпақ осы ұстанымды берік сақтауы тиіс.
Асқар АЛПЫСБАЕВ,
Қаратал ауданы ішкі саясат, мәдениет,
тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы





