Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйлейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елорда төрінде жалауын желбірететін думанды жарысқа әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысады. Ауқымды айтулы шара халықаралық деңгейдегі қонақтардың басын қосып отыр.
Салтанатты жиынға арнайы қатысу үшін елордаға:
-
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев;
-
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров;
-
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келді.
Мемлекет басшыларының қатысуы бұл бәсекенің Орталық Азия өңірі мен жаһандық спорт қоғамдастығы үшін маңызы зор екенін айғақтайды. «Болашақ ойындары» – дәстүрлі спорт түрлері мен заманауи киберспортты тоғыстырған, цифрлық технологиялар мен физикалық белсенділікті қатар дамытуға бағытталған бірегей фиджитал концепция. Мұндай халықаралық алаң жастар арасында инновациялық спорт бағыттарын насихаттап, елдер арасындағы достық байланысты нығайтуға жол ашады.
Халықаралық турнирдің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының полиция департаменті күшейтілген қызмет режиміне көшті. Алыс-жақын шетелден келетін меймандар мен спортшылардың, сондай-ақ қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету және кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында 24/7 форматында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Сондай-ақ спорттық нысандар орналасқан аумақтар мен орталық көшелерде полиция нарядтарының саны көбейтілді.
Осыған байланысты, елорда тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен меймандарына ескерту жасады. Ойындар өтетін негізгі спорт кешендерінің төңірегінде және кейбір орталық көшелерде көлік қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін. Қала билігі мен полиция өкілдері тұрғындарды жол бағдарламасын алдын ала жоспарлап, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырады.
Ауқымды турнир Елордамыздың халықаралық имиджін арттыруға, спорттық инфрақұрылымның әлеуетін көрсетуге үлкен мүмкіндік бергелі отыр. Ойындар барысында мыңдаған жанкүйер тартысты бәсекелерді тамашалап, әлемдік деңгейдегі цифрлық спорттың жаңа бағыттарымен танысады.





