Қоғамда заң үстемдігін нығайтып, мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілікті арттыру – уақыт талабы. Осы мақсатта 2026 жылғы 30 қаңтар күні Үшарал қаласында Алакөл ауданындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған «Заң мен тәртіп: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты» атты семинар-кеңес өтті.
Іс-шараны Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Маулен Төлеужанов ашып, семинардың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін арқалаған үлкен жауапкершілік. Заң талаптарын сақтау мен адал қызмет ету әрбір қызметшінің басты қағидасына айналуы тиіс, – деді ол өз сөзінде.
Семинарға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қобылан Манап мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы талаптарды жан-жақты түсіндірді.
– Әдеп – тек ереже емес, ол қызметкердің ішкі мәдениеті. Ал ашықтық пен әділдік болған жерде сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ, – деген спикер нақты мысалдар арқылы заң бұзушылықтың салдары мен жауапкершілік түрлеріне тоқталып, қатысушыларды ойландыратын мәселелерді ортаға салды.
Кездесуге аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат аппаратының қызметшілері, қала және ауылдық округ әкімдері мен мамандары, аудандық бөлім басшылары, мекеме қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинар ашық форматта өтіп, еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жағдайларға байланысты ұсыныстар айтылды.
– Осындай кездесулер бізге өз жұмысымызға сын көзбен қарап, жауапкершілікті терең сезінуге көмектеседі, – дейді қатысушылардың бірі.
Соңында осындай түсіндіру және диалог алаңдарының мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді. Заң мен тәртіпті басты бағдар еткен мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатыны жеткізілді.
Қажет АНДАС





