«Жастар» спорт сарайында «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған баскетболдан мастер-класс өтті. Шара салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
«Жетісу» баскетбол клубының жоғары білікті жаттықтырушылары Евгений Прокопчик пен Радмир Искаков балаларға баскетбол ойынының негізгі әдіс-тәсілдерін таныстырды. Жаттығу кезінде допты алып жүру, лақтыру, командамен жұмыс істеу сияқты маңызды элементтер тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Іс-шараны өткізген жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт шеберлері, Қазақстан Республикасының чемпиондары мен жүлдегерлері балаларға тек спорттық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар табандылық, тәртіп, өзіне деген сенім сияқты өмірлік маңызды құндылықтарды да түсіндірді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби спорттағы жол, жеңіс пен жеңілісті қабылдау, мақсатқа жету жайында пайдалы кеңестер алды.
Сонымен қатар спорттың адам өміріндегі рөлі, оның денсаулықты нығайтудағы және тұлға ретінде қалыптасудағы маңызы кеңінен айтылды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, спорт балаларды зиянды әдеттерден аулақ ұстап, уақытты тиімді пайдалануға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға үйретеді.
Мастер-класс барысында балалар ерекше әсер алып, белсенділік танытты. Мұндай іс-шаралар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және болашақта спортпен тұрақты айналысуына оң ықпал етеді. Аталмыш игі бастама қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, балаларға қолдау көрсету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ
ЖУ студенті





