Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Көктұма ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өртке қарсы бекет пайдалануға берілді. Нысан үш елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әсіресе жазғы туристік маусымда төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа бекет Көктұма, Ақши ауылдары мен Көктұма станциясының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Оның жауапкершілік аумағында тұрақты тұратын 2 430 адам бар. Ал жазғы демалыс кезеңінде Алакөл жағалауына келетін туристер есебінен бұл аумақта бір мезетте 25–35 мыңға дейін адам шоғырлануы мүмкін.
Нысанның ашылу рәсіміне Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Адамбек Оразалинов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Аханов, төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Өрт сөндіру бекетін салу және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарына жергілікті атқарушы орган қаражат бөлген. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын тапсырды.
Ғимарат тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдайлармен жабдықталған. Мұнда арнайы техникаға арналған жылы бокс, диспетчерлік бөлме, қызметкерлердің демалыс бөлмесі, ас үй және душы бар санитарлық торап қарастырылған. Бөлмелер электр жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген.
Жаңа бекет қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұл төтенше жағдай туралы хабар түскен сәттен бастап оқиға орнына жету уақытын қысқартуға, өрттің таралуына жол бермеуге және тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде өртке қарсы қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Көктұмадағы жаңа бекет те осы бастаманың аясында іске қосылып, Алакөл өңірінің қауіпсіздік инфрақұрылымын толықтырды.





