Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған мектеп оқушысына қатысты ауыр қылмыс жасаған 64 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сотта анықталғандай, оқиға өңірдегі ауылдардың бірінде болған. 14 жастағы мектеп оқушысы зейнеткерден жүкті болып, 2025 жылдың күзінде бала туған. Айыпталушы – қыздың әжесінің күйеуі, яғни оның туған атасы емес.
Сот шешімімен ер адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі (кәмелетке толмағанды зорлау) және 124-бабының 3-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас) бойынша кінәлі деп танылды.
Судья Алтынбек Сабыровтың үкімімен айыпталушыға 120-бап бойынша 20 жыл, ал 124-бап бойынша 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Баптардың жиынтығы негізінде түпкілікті жаза 21 жыл болып белгіленді.
Аталған қылмыс қоғамда кең резонанс тудырды. Мектеп оқушысының жүкті екені тек босану кезінде белгілі болған. Бұған дейін 9-сыныпта оқитын жасөспірім бірнеше рет медициналық тексеруден өткен.
Атап айтқанда, 2025 жылдың наурыз айында аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы лагерьге құжат рәсімдеу барысында, сондай-ақ 10 қыркүйекте ата-анасымен бірге жоспарлы медициналық тексеруден өткен. Алайда аталған тексерулердің ешқайсысында жүктілік белгілері анықталмаған.
Осы жайтқа байланысты өңірде жеке қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.





