Семей қаласының тұрғыны Қазыбек Өрікбайұлы жарты ғасырдан астам уақыт бұрын көз жазып қалған туған ағасын әлеуметтік желі арқылы тауып, таңғажайып жаңалықтың кейіпкеріне айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Тағдырдың жазуымен 67 жыл бойы бір-бірін көрмей, тіпті тірі екеніне күмәнданған ағайындылардың қауышқан сәті желі қолданушыларының жүрегін тебірентті. Оқиғаның тарихы 1962 жылдан бастау алады. Ол кезде Қазыбек ақсақал небәрі бес күндік нәресте болғанда, оның отбасы Қытайдан тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Алайда, сол кезде 17 жастағы Рамазан Шәріп Өрікбайұлы алыста оқуда жүргендіктен, шекара ашылғанда ата-анасымен бірге кете алмай, көрші елде жалғыз қалып қойған.
Қазыбек Өрікбайұлы есейе келе өзінің Қытайда ағасы қалғанын естіп, оны табуды өмірлік мақсатына айналдырған. Оның қызы Айкерімнің айтуынша, әкесі соңғы 30 жыл бойы үздіксіз іздеу жұмыстарын жүргізген. Халықаралық деңгейдегі «Жди меня» бағдарламасына бірнеше мәрте хат жазып, отандық «Бармысың, бауырым» жобасына да қатысқан. Дегенмен, уақыт өте келе байланыс орнату мүмкіндігі азайып, іздеу нәтижесіз қалып келген.
Рамазан Шәріп те арғы бетте жалғыз қалып, ата-анасы мен бауырларын сағынышпен күтумен болды. Кейіннен ол Қытайдың Бэйтунь қаласына орнығып, отбасын құрып, төрт бала сүйген. Жасы ұлғайған шақта ол да туғандарын табу үшін соңғы мүмкіндікті пайдалануды жөн көреді.
Ғажайып кездесуге заманауи технологиялар мен әлеуметтік желінің күші себеп болды. Рамазан қарияның балалары оның туғандарын іздеп жатқан бейнежазбасын Қытайдағы TikTok желісіне жүктейді. Бұл видео біреулер арқылы қазақстандық сегментке ауысып, тез арада тарап кетеді.
Семейдегі Өрікбаевтар әулетінің мүшелері видеодағы «Өрікбай» деген есімді естіп, қарияның келбетінен жақын туысын таныған. Бастапқыда телефон арқылы хабарласу мүмкін болмаған соң, қызы Айкерім Wechat мессенджері арқылы ағасының отбасына шыққан. 2026 жылдың 23 қаңтарында Қазыбек Өрікбайұлы Қытайға барып, 67 жылдық сағыныштан кейін ағасы Рамазанмен көз жасына ерік беріп қауышты. Олар бір апта бойы қол ұстасып жүріп, өткен күндердің естеліктерін бөліскен.
Бүгінде екі бауырдың да қуанышында шек жоқ. Рамазан Шәріп енді алдағы жаз айларында Қазақстанға келіп, ата-бабаларының рухына тағзым етуді жоспарлап отыр. Айкерім Қазыбекқызы бұл ерекше оқиғаны ұрпаққа үлгі ретінде кітап етіп жазуды көздеп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram




