Қазақстанда күн сайын балаларға қатысты орта есеппен 5 қылмыс фактісі тіркеледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Arasha.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның айтуынша, бұл көрсеткіштердің басым бөлігі жабық есік жағдайында, яғни отбасы ішінде орын алады. Аталмыш жағдай құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларды уақытылы анықтау жұмыстарын қиындатып отыр. Омбудсмен «24KZ» телеарнасындағы «Түйін» бағдарламасына берген сұхбатында мәселенің мән-жайын ашып айтты.
«Өкінішке қарай, елімізде күн сайын балаларға қарсы 5 қылмыс фактісі тіркеледі. Бұл қылмыстардың 60-70%-ы өз ата-аналары немесе бірге тұратын адамдар тарапынан жасалады. Осы қылмыстар үйде жасалуының себебінен олардың алдын алу мен анықтау өте қиын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңдарға сәйкес, профилактикаға қатысты бірнеше механизмдер енгізілді. Әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылды», – деді Динара Закиева.
Алдын алу шараларының нәтижесінде былтыр 29 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 1126 адам ата-ана құқығынан айырылса, 661-інің құқықтары шектелген. Жүйелі жұмыстың арқасында аса ауыр қылмыстардың саны төмендегені байқалады. Мәселен, кісі өлтіру (99-бап) дерегі 10%-ға, ал денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (106-бап) 54%-ға азайды.
Алайда, балалардың өздері жасайтын қылмыстардың саны 30%-ға артқаны алаңдатарлық жайт. Омбудсменнің айтуынша:
«Олардың 70%-ы қаржы мәселелеріне қатысты, 20%-ы жеке тұлғаға қатысты жасалған қылмыстар. Осы қылмыстар буллингтен басталады. Буллингтің алдын алу үшін мектептерде «ДосболLIKE», «Адал азамат» бағдарламалары енгізілді», – деп атап өтті ол.
2025 жылдың басынан бері бала құқығын бұзуға қатысты 171 дерек тіркелсе, «111» сенім телефонына 124 600-ден астам қоңырау түскен. ЮНИСЕФ зерттеулері нақты көрсеткіштердің ресми деректен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
«Әрине, бұл бағытта жұмысты жүргізіп, механизмді жетілдіру керек. Сол себептен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында осы механизмдерді жетілдіру үшін мамандарды оқыту, қолдау, сонымен қатар олардың жұмысына стандарттарды енгізу үшін нақты шаралар көзделген. Мысалы, қамқоршы мамандар мен психологтардың жалақысы өседі», – деп түйіндеді сөзін Динара Закиева.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қадамдар балалардың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.




