Астанада қорғау нұсқамасын елемей, бойжеткенді алты ай бойы аңдыған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, қала тұрғыны жәбірленушінің онымен қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, оны алты ай бойы жүйелі түрде қудалаған. Ер адам байланыс орнатуды тоқтату туралы талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды, сондай-ақ қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемеген.
Астана прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол жәбірленушінің тұрғылықты және жұмыс орны маңында аңдып, оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіру арқылы психологиялық қысым көрсеткен.
Сотта мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің жеке бас бостандығына, қауіпсіздігіне және жеке өмірінің қол сұғылмаушылығына құқықтарының бұзылуынан әкеп соққан сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтар ұсынды. Сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылып, моральдық зиянды өтеу міндеттелді, – деп хабарлады қалалық прокуратура.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтарды ұсынған. Нәтижесінде сот үкімімен ер адам сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды және жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу міндеттелді.
Сонымен қатар оның бұған дейін бостандығын шектеу жазасын өтеп, белгіленген талаптарды бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура заңсыз қудалау үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада бұрынғы қызын үш ай бойы аңдыған ер адам 15 тәулікке қамауға алынғаны хабарланған болатын.





