Биыл қазақстандықтар алғаш рет отандық әуе тасымалдаушының ұшағында интернетті пайдалана бастайды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, елімізде байланыс инфрақұрылымы қарқынды дамып жатыр және іске асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі жақын уақытта аяқталады. Нәтижесінде азаматтар интернетті тек жерде ғана емес, әуе көлігінде де пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
“Сонымен қатар 1900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қосылады. Келер жылы мұндай ауылдардың үлесі 90%-дан асады. Барлық республикалық жол байланыс инфрақұрылымымен қамтылады. Сіздің тапсырмаңыз бойынша былтыр желтоқсанда барлық өткізу бекеті интернетпен қамтамасыз етілді. Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушының бортында интернетті пайдалана бастайды”, – деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ интернет «ҚТЖ» жолаушылар тасымалының негізгі бағыттарында да қолжетімді болмақ. Министрдің сөзінше, бұл бастамалар цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы азаматтардың күнделікті қажеттілігін өтеумен қатар, Қазақстанның өңірлік цифрлық байланыстылықты қамтамасыз етудегі көшбасшылық рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.
“Ел аумағында салынатын 9 спутниктік станция арқылы интернет көрші елдерге де қолжетімді болады. Биыл Тәжікстанды қосу жоспарланып отыр, кейін Моңғолия мен Қырғызстан. Каспий өңірінде Өзбекстан да инфрақұрылымға қосылуға қызығушылық танытып отыр”, – деп түйіндеді министр.





