Жетісу облысында биыл жастарға арналған 10 ірі әлеуметтік гранттық жоба іске қосылады.
Аталған жобалар жастар саясатын дамытуға, отбасы институтын қолдауға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған. Олар 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарлама аясында жүзеге асырылады.
Бағдарламаның негізгі бағыты – жастарға гранттық қолдау көрсету. Өңір басшылығы жас кәсіпкерлікті дамытуға және әсіресе ауылдық жерлердегі жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер жасауға басымдық беріп отыр.
Жобалар аясында жыл сайын облыстың 1 000-нан астам жас тұрғыны кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтеді. Қатысушылар бизнес-идеяны әзірлеуден бастап, өз ісін іске қосуға дейінгі барлық кезеңді меңгереді. Іріктеу қорытындысы бойынша үздік деп танылған 10 стартап-жобаға 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Қаражатты жаңа бизнес ашуға немесе қолданыстағы кәсіпті дамытуға жұмсауға болады.
Гранттарға өтінім қабылдау онлайн форматта жүзеге асырылады. Қысқа мерзімді гранттар бойынша өтінімдер 15 жұмыс күні ішінде, ал ұзақ мерзімді гранттар бойынша 20 жұмыс күні ішінде қабылданады. Өтінімдер бағдарламаның ресми сайты арқылы жолданады.
Гранттық қолдаудан бөлек, жобалар жастарды жұмыспен қамту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және еріктілер қозғалысын дамыту бағыттарын да қамтиды. Өңірде «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисі өз жұмысын жалғастырады. Оның қызметіне кемінде 1 000 еріктіні тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстық «Жайдарман» ойындары мен облыс әкімінің кубогы сарапқа салынатын жарыстар өткізу көзделген.
Студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға да ерекше назар аударылады. Облыстағы оқу орындарында студенттердің әлеуметтік белсенділігі мен көшбасшылық қабілетін арттыруға бағытталған 30-дан астам жастар бастамасын іске асыру жоспарланған.
Мақпал Әділханқызы





