Қазақстанда ипотекалық қарызды өтеу үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану көрсеткіштері белгілі болды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) мәліметінше, өткен жылы ай сайын 10 914 салымшы зейнетақы жинағындағы артық қаражатын алып отырған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Статистика не дейді?
Зейнетақы жинағын пайдаланушылардың басым бөлігі қаражатты ипотекалық қарыздарын жабуға жұмсаған. БЖЗҚ ұсынған деректерге сүйенсек:
-
4 284 өтініш беруші ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеуді таңдаған.
-
6 630 адам тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық қарызын ішінара жабу мақсатын көрсеткен.
Айта кетерлігі, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері жаңартылды.
Уақытша шектеулер мен өзгерістер
Ағымдағы жылдың 31 қаңтары мен 2 наурызы аралығында жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы қаражатын ипотекалық кредиттерді мерзімінен бұрын ішінара өтеуге пайдалану мүмкіндігі уақытша тоқтатылды. Ресми мәлімет бойынша, бұл шешім жүйені жаңа ережелерге сәйкес техникалық қайта реттеу мақсатында қабылданған.
Мамандардың пікірінше, 2 наурыздан кейін бұл мүмкіндік қайта оралса да, ол «қысқартылған» түрде болуы мүмкін. Бұған дейін медициналық қызметтерге (стоматология, офтальмология және жалпы емделу) арналған зейнетақы қаражатын пайдалану мүмкіндігі де түрлі себептермен шектелген болатын. Мәселен, биылғы 12 қаңтардан бастап кез келген емделу түріне зейнетақы артығын жұмсау уақытша тоқтатылды.
Ипотекалық қарыз алушыларды «қорғау»
Ипотеканы өтеуге арналған шектеулер «қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қамқорлық жасау» мақсатымен түсіндіріледі. Себебі, зейнетақы қаражатының бір бөлігі қарызға қызмет көрсету кезінде банктік пайыздарды төлеуге жұмсалып кеткен. Осы орайда, екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені жылдық 20%-дан асырмау туралы бастаманың сәтсіз аяқталғанын да атап өткен жөн.
Анықтама: Ең төменгі жеткіліктілік шегінің жаңа көрсеткіштері жарияланғаннан кейін, Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініш берушілер саны күрт артқан.





