Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Harvest Group (Швейцария) халықаралық тобының құрамына кіретін отандық «Харвест Агро Холдинг» ЖШС өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Басқосу барысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, сақтау мен өңдеу зауытын ашу сынды жобалар талқыланды. Кездесуде «Харвест Агро Холдинг» ЖШС өкілдері су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы жерасты суын пайдалана отырып, суармалы жерлерді игеруге ниетті екендіктерін жеткізді. Компанияның бас директоры Дәулет Увашев әкімдік тарапынан жер берілсе жүгері, соя, жоңышқа өсіруді көздейтінін жеткізді. Одан кейінгі кезеңде өңдеу ісін қолға алмақшы. Сөйтіп инвестор «алқап – қоймалау – өңдеу» принципімен жұмыс істеуге әзір екенін білдірді.
Бейбіт Өксікбайұлы экономикалық тиімді жобалар нақты іске асырылатын болса, мемлекет тарапынан заң аясында қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
– Су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу – біздің аграрлық аймақ үшін аса маңызды. Дегенмен, бізге алдымен, компанияның айқын бизнес-жоспарын, жобалық-сметалық құжаттамаларын таныстырсаңыздар. Содан кейін ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта жобаны іске асыру мәселесі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.





