Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қар құрсауынан 73 адамды құтқарды.
Республикалық маңызы бар Сарыөзек – Көктал автожолында ақ түтек боранда қалған көліктерден құтқарушылар 71 адамды, оның ішінде 10 баланы жылы жерге орналастырды. Ал Алакөл ауданында Үшарал – Достық тасжолында қарға батқан жеңіл көліктен тағы екі адам құтқарылды. Жолаушылардың барлығы дін аман.
Кербұлақ ауданына қарасты республикалық маңызы бар Сарыөзек – Көктал автожолында 19 жеңіл көлік пен 2 жүк көлігі тұрып қалған. Қарлы бораннан құтқарылған адамдар Сарыөзек ауылына жеткізілді. Сондай-ақ, жолдың тазартылған учаскесіне 15 автокөлік шығарылды. Ал Алакөл ауданы Үшарал – Достық автожолында құтқарылған 2 адам Көктұма бекетіне жеткізілді.
«Жетісу-Ақпарат»





