Жетісу өңірінде «Taza Time: тазалық – ортақ міндет» тақырыбында жастармен мазмұнды кездесу өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шараға 100-ден астам белсенді жас қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық санасын оятып, тазалықты жай ғана науқан емес, күнделікті өмірлік ұстанымға айналдыру.
Кездесу барысында «Sarqan jastary» филиалының жетекшісі Бауыржан Жантасов экологиялық бағыттағы тәжірибесімен бөлісіп, маңызды бастамаларды ортаға салды. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау тек бір күндік сенбіліктермен өлшенбеуі тиіс. Ол – жүйелі көзқарас пен тұрақты еңбекті қажет ететін процесс.
Спикер өз сөзінде «Бір аула – бір жауапты топ» қағидасының тиімділігіне тоқталып, жастардың бастамасымен жүзеге асқан абаттандыру жобаларын мысалға келтірді. Бүгінде Сарқан жастары арасында түрлі челлендждер мен тазалық акциялары қоғамдық мәдениеттің жаңа сатысына айналып келеді.
Жиын тек баяндама оқумен шектелмей, еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Қатысушылар «Taza Time» қозғалысын әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау және экологиялық мәдениетті заманауи трендке айналдыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Белсенді жастардың пікірінше, цифрлық кеңістікте тазалықты насихаттау арқылы қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін еселеуге болады. Шара соңында ерекше белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Кездесу түйіні ретінде жастар «Таза ой – таза орта – таза болашақ» қағидасы негізінде ортақ үндеу қабылдады.
Мұндай кездесулер Жетісу жастарының азаматтық позициясын нығайтып, аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға нақты серпін береді. Ендігі кезекте «Taza Time» қозғалысы аясында тұрақты акциялар мен креативті жобалар тізбегі жалғасын табады.






