Саяси белсенді Санжар Боқаев АҚШ-қа қоныс аударды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ulysmedia сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық саясаткер және бұрынғы мемлекеттік қызметкер Санжар Боқаев Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасап, соңғы уақытта қоғам алдына шықпауының себебін түсіндірді. Оның айтуынша, қазір ол АҚШ-та бизнеспен айналысып жатыр, бірақ Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды мәселелер бойынша пікірін бөлісуді жалғастыруға ниетті.
Боқаев өз видеосында «нәтижесіз қоғамдық жұмыс» оны шаршатқанын атап өтті:
«Ешкімге ешнәрсе керек емес екенін түсіндім. Қайырымы жоқ қоғамдық жұмысты істейміз, айтамыз. Нақты фактімен, сандармен көрсетеміз. Бірақ нәтиже жоқ. Сосын, онда мұның бәрін жасаудың мәні бар ма өзі деген ойға келесің. Егер мемлекетке керек емес болса, қоғамға керек емес болса, мен «жағымсыз жаңалықтардың өндірушісі» болғым келмейді. Мен шаршадым».
Санжар Боқаев 43 жаста. 2022 жылы ол «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеген, бірақ партияны тіркеу мүмкін болмаған. 2023 жылы өткен парламент сайлауында мәжіліске депутат болуға үміткер болған, алайда жеңіске жете алмаған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген, бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.
Бұған дейін Боқаев 2015–2017 жылдары «ҚазТрансГаз» компаниясында басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Сондай-ақ бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет атқарған: бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі.
«Нұр Отан» (қазіргі биліктегі «Аманат») партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарған. Сонымен қатар Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген және ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.





