Қазақстандықтар алдағы уақытта 30 тамызда демалмауы мүмкін.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
15 наурызда елімізде жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Егер халық жаңа редакцияны қолдап дауыс берсе, 15 наурыз Конституция күні ретінде жаңа мемлекеттік мереке болып бекітілуі ықтимал.
Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған. Осы күн Конституция күні ретінде мемлекеттік мереке саналады және ресми демалыс күні болып белгіленген.
30 тамыз 2026 жылы демалыс болып қала ма?
Аталған сұраққа қатысты Tengrinews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдаған. Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізілмейінше, 30 тамыз 2026 жылы да мемлекеттік мереке әрі демалыс күні болып қала береді.
Сонымен қатар министрлік жаңа Конституция қабылданған жағдайда оның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін нақтылаған. Егер осыған байланысты заңнамалық өзгерістер қабылданып, Конституция күні басқа датаға бекітілсе, онда 30 тамыз мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылуы мүмкін.
«Егер «Конституция күні» мемлекеттік мерекесі өзге күнге бекітілсе, тиісті заң күшіне енген күннен бастап 30 тамыз мемлекеттік мереке мәртебесін жоғалтады», – делінген министрлік жауабында.





