Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалиция өкілдері Асхат Досмұхамбетов, Ерғазы Қошанбеков және Жамал Қасымбекқызы «ASMA Industrial Ltd» ЖШС ұжымымен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушыларға Конституциядағы жаңартулардың маңыздылығы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Спикерлер құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың қорғалуына әсері туралы нақты мысалдарды тілге тиек етті.
Басқосуда республикалық коалиция мүшесі Ерғазы Қошанбеков жаңа Конституциялық жобаға сәйкес, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалады. Азаматтардың заң алдындағы теңдігі, сот төрелігінің тәуелсіздігі және құқық қорғау жүйесінің ашықтығы – жаңа редакциядағы негізгі басымдықтардың бірі. Сонымен қатар, Конституциялық Сот институтының енгізілуі азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі нақты қадам екенін атап өтті.
Артынша сөз алған Асхат Сейденұлы Ата заң жобасында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық табысын арттыру – негізгі басымдық екеніне тоқталды. Сонымен қатар, бұл құжаттың қоғам мен билік арасындағы ашық диалог қалыптастыратын жеткізді.
– Жаңа Конституция – бұл жай ғана заңнамаға енгізілген өзгерістер емес. Бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азаматтың үні естілетін, әділетті қоғам құруға бағытталған нақты қадам. Біз бүгін халықпен кездесіп, әр ұсыныс пен пікірді тыңдауды басты міндетіміз деп санаймыз. Себебі мемлекет пен қоғам арасындағы сенім – ашық диалог арқылы қалыптасады, — деді Асхат Досмұхамбетов.
Ал, Жамал Баймадиева жобаның негізгі бағыттары мен жаңашыл реформаларын таныстырып, цифрлық технологияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ





