БІЗ – бұл жолы қарапайым еңбек адамы – КРАНШЫ жайында сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Олар қоғам дамуы негізінде көзге көп түсе бермейтін, бірақ, ел экономикасы үшін аса маңызды істі атқара білетін мамандар. Көпшілік үшін әскер – тәртіп пен шыдамды үйрететін кезең. Ал кейбір азаматтар үшін ол болашақта істейтін жұмысының бастауына айналады. Солардың бірі әскер қатарында жүріп, краншы мамандығын меңгерген Жанат БИҚҰРМАНОВ. Еңбек адамы бұл салада 20 жылдан аса уақыт табанды қызмет етіп, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп келеді.
Алдымен осы сала жайына біраз тоқталып өтсек дейміз. ҚАЛА көкжиегінен қалықтаған мұнаралы крандар – заманауи өркениеттің үнсіз символы іспеттес. Көпқабатты үйлер, өндірістік нысандар, көпірлер мен инфрақұрылымдық жобалар осы алып техниканың көмегінсіз салынбайды. Ал сол техниканың дәл жүрегінде – краншы отыр. Бір қарағанда, көзге түсе бермейтін бұл мамандық иесінің жауапкершілігі орасан зор, десек те қоғамдағы бағалануы әлі де жеткіліксіз.
КРАНШЫ – жүк көтергіш техниканы басқаратын жоғары білікті жұмысшы. Ол тек тетіктерді іске қосатын оператор ғана емес, ол – дәлдік, есеп және сабырды бойына тоғыстырған. Бір қате қозғалыс – қымбат материалдың бүлінуіне, өндірістің тоқтауына немесе ең сорақысы – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Краншылардың жұмыс орны кейде 30-70 метр биіктікте орналасады. Олар ұзақ уақыт бойы тар кабинада отырып, ауа райының ыстығы мен суығына, жел мен психологиялық қысымға төтеп береді. Бұл – тек физикалық емес, жоғары деңгейдегі психологиялық төзімділікті талап ететін ЕҢБЕК.
Біз білетіндей, қазіргі краншыға қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Ол – техникадағы дәлдікті, жүктің салмағы мен тепе-теңдігін дұрыс есептеуі, қауіпсіздік ережелерін жетік меңгеруі, құрылыс бригадасымен нақты байланыс орната білуі маңызды. Сонымен бірге бұл сала мамандары мерзімді түрде медициналық тексеруден өтіп, біліктілігін растап отырады. Себебі, биікте жұмыс істеу – денсаулыққа тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі де басты мәселенің қатарында.
САРАПШЫЛАРДЫҢ пікірінше, өндірістік жарақаттардың басым бөлігі ауыр техниканы пайдалану кезінде орын алады. Мұнда техниканың тозуы, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы және кадр тапшылығы да өз әсерін тигізеді. Оның бір күндік жұмысы – тек жүк көтеру емес, тәуекелді басқару. Сондықтан жұмыс беруші тарапынан заманауи әрі техникалық жарамды кранмен қамтамасыз ету, қауіпсіздік нұсқаулықтарын қатаң сақтау, еңбек пен демалыс тәртібін бұзбау – аса маңызды.
Қазіргі таңда краншы – сұранысқа ие мамандықтардың қатарында. Бірақ, аймақтар арасында еңбекақы айырмашылығының бар екені аңғарылады. Мәселен, бұл саладағы жалақы кейбір өңірде жоғары болса, ал кей жерде ауыр еңбекке сай келмейтін деңгейде қалып отыр. Бұл мамандық иелері көбіне зиянды еңбек жағдайында, биіктікте, жоғары жауапкершілікті арқалай отырып жұмыс атқарады. Сондықтан мұндай азаматтардың еңбекақысы мен әлеуметтік кепілдіктері мамандықтың күрделілігіне сай болуы тиіс. Бұл – тек әділдік емес, өндірістегі қауіпсіздіктің де кепілі.
ЦИФРЛАНДЫРУ дәуірінде крандар да «ақылды» бола бастады. Мәселен, оған автоматтандырылған басқару жүйелері, датчиктер, қашықтан бақылау технологиялары енгізілуде. Алайда бұл краншының рөлін азайтпайды, керісінше одан да жоғары біліктілікті талап етеді. Бұл тұрғыда, мамандық жойылмайды, қайта өзгереді. Сондықтан жастарды осы салаға қызықтыру үшін кәсіби білім беруді күшейту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – уақыт талабынан туындап отырған жайт.
Бір сөзбен айтқанда, краншы – биікте отырып, ел дамуына үнсіз үлес қосып жүрген азамат! Оның еңбегі әр салынған үй мен әлеуметтік нысандардан көрінеді. Қоғам үшін маңызды бұл кәсіп иелеріне деген көзқарас та, қолдау да соған лайық болуы тиіс. Бүгінде осындай жауапкершілігі зор салада талай жыл табанды еңбек етіп, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп келе жатқан жанның бірі – Жанат Төлепбекұлы кран машинисі мамандығын саналы түрде таңдаған. Жастар үшін күрделі көрінетін бұл кәсіпті ол жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін өмірлік жол деп қабылдапты.
Кейіпкеріміздің айтуынша, әскери қызмет барысында ол арнайы оқудан өтіп, ауыр техниканы басқарудың қыр-сырын жан-жақты үйренген. Алғашында бұл уақытша міндет сияқты көрінгенімен, кейіннен кран тізгініндегі жұмыс оның өмірлік кәсібіне айналыпты. Әскердегі тәртіп, жауапкершілік пен қауіпсіздікке деген қатаң талап осы мамандыққа қажетті басты қасиеттерді қалыптастырды.
Әскерде жүргенде ол жүк көтергіш крандармен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде меңгеріп, техниканың құрылымын, қауіпсіз пайдалану ережелерін терең меңгерді. Сол жылдары алған білімі мен дағдысы кейінгі өмірінде де үлкен артықшылық болды. Борышын өтеген соң да осы бағытта еңбек жолын жалғастырып, кәсіби маман ретінде жұмысқа орналасты. Бүгінде ол ауыр және ірі габаритті жүктерді көтеріп, құрылыс пен өндіріс нысандарындағы жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып келеді.
– Әскерде алған тәжірибем мені тәртіпке, асықпай, әр қадамды ойланып істеуге үйретті. Краншы үшін бұл – ең маңызды қасиет, – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша әскердегі тәжірибе мен азаматтық талаптың үйлесімі – нағыз еңбек адамының қалыптасуына жол ашты. Тәжірибелі краншы үшін әрбір жұмыс күні – адамдардың қауіпсіздігі мен қымбат техниканың сақталуына тікелей жауап беру. Осы жылдар ішінде оның бірде-бір еңбек тәртібін бұзбағаны немесе өндірістік оқиғаға жол бермегені – кәсібилігінің айқын дәлелі.
Әріптестерінің айтуынша, ол – салқынқанды, сабырлы, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын білікті маман. Бүгінде жұмысшы мамандықтарға қызығушылық азайып тұрған кезеңде Жанат Биқұрмановтың еңбек жолы – жас буын үшін үлкен үлгі. Ол өз мамандығының тек физикалық еңбек емес, үлкен кәсіби білім мен тәжірибені қажет ететін сала екенін ісімен көрсетіп келеді.
Жанат Төлепбекұлының сөзінше, краншыға қойылатын талаптар бар. Мәселен, бұл мамандықты игеру үшін арнайы кәсіби білім немесе курсты аяқтау маңызды. Тиісті разряд пен рұқсат құжаттарының, техникалық ойлау қабілетінің, зейінділіктің, физикалық және психологиялық төзімділіктің болуы, сондай-ақ, биіктен қорықпау – зор жауапкершілік. Сонымен бірге, үнемі медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Қандай технология дамыса да, бұл техниканың маңызы жойылмайды, керісінше арта түседі.
Тәжірибелі маман ретінде ол жас краншыларға ақыл-кеңес беріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын үнемі еске салады. Оның пікірінше, бұл салада бастысы – асығыстық емес, сабыр сақтай білу. Жанат Биқұрмановтың сөзінен ұққанымыз, ол марапат пен атаққа ұмтылмайды. Ол үшін ең бастысы – адал еңбек, ұжымның сенімі және күнделікті жұмыстың сапалы орындалуы. Десек те, оның ұзақ жылдық еңбегі – қоғам тарапынан құрметке әбден лайық.
Краншының тілегі орынды. Ол адал еңбектің өтеуін тілге тиек етті. Еңбек адамы тегін үй сұраған жоқ, «тек ұзақ жылдық маңдай терімен ел игілігіне үлес қосқан мамандарға қолжетімді шарттар жасалса», дейді. Тұрақты баспана – еңбек адамы үшін ертеңгі күнге кепілдік болар еді. Қоғам дамуы тек биік ғимараттармен емес, сол нысанды салған адамдардың әлеуметтік жағдайымен өлшенеді. Сондықтан кран тізгінінде отырған қарапайым еңбек иесінің «ҮЙ БЕРІЛСЕ» деген тілегі – назардан тыс қалмауы тиіс маңызды әлеуметтік мәселе!
ЕҢБЕК ИЕСІНІҢ ТІЛЕГІ: «Еліміздің құрылыс алаңдары мен өндіріс орындарында күн сайын мыңдаған жұмысшы маңдай терін төгіп жүр. Солардың ішінде краншылар – ауыр техниканы меңгеріп, адам өмірі мен ірі нысандардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Алайда қоғам үшін аса маңызды осы кәсіп иелерінің көкейінде бір ортақ тілек бар. Ол – тұрақты баспанаға қол жеткізу.
Краншы – кез келген ауа райында, биіктікте отырып, аса қауіпті әрі жауапты жұмысты атқарады. Бір қате қимыл үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Соған қарамастан, көп жылдық тәжірибесі бар мамандардың басым бөлігі әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып, ай сайынғы табысының қомақты бөлігін тұрған үйінің ақысына төлеп келеді. Біз ел үшін үй салып жатырмыз, ал өзіміз сол үйлерге қол жеткізе алмай жүрміз. Бұл – жеке адамның ғана емес, көптеген жұмысшы маманның ортақ жанайқайы. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан түрлі тұрғын үй бағдарламасы іске асырылып жатқаны белгілі. Алайда олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлерге, жас отбасыларға немесе белгілі бір санаттарға бағытталған. Ал жұмысшы мамандық иелері – краншы, дәнекерлеуші, монтажшы, жүргізуші секілді еңбек адамдары бұл бағдарламаларда көбіне тасада қалып қояды. Мамандардың айтуынша, егер осындай ауыр әрі тапшы кәсіп иелеріне арнайы тұрғын үй бағдарламалары қарастырылса, бұл бірнеше мәселені қатар шешер еді. БІРІНШІДЕН, жұмысшы мамандықтардың беделі артар еді. ЕКІНШІДЕН, жастардың осы салаға келуіне нақты ынталандыру болар еді. ҮШІНШІДЕН, кадр тұрақтылығы қалыптасып, өндіріс пен құрылыс саласындағы тапшылық азаяр еді».
ҚОРЫТА АЙТҚАНДА – талай жыл кран тізгінін сенімді ұстап келе жатқан Жанат Биқұрманов – жұмысшы мамандықтың шынайы бейнесі. Оның еңбек жолы еліміздегі құрылыс пен өндірістің қалай дамып келе жатқанын, сол өркендеудің соңында қандай қарапайым, бірақ кәсіби адамдар тұрғанын айқын көрсетеді. Осындай білікті мамандар барда, ел экономикасының берік тірегі де мықты болары сөзсіз.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





