Талдықорған индустриялық колледжінің директоры Әсет Жұмаділов Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі директоры Сейтбек Сүлейменовпен мазмұнды кездесу өткізді.
Жүздесудің өзегі – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру, тәжірибе алмасу және екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Қол қойылған құжат – жай ғана рәсім емес, ортақ мақсат пен өзара сенімнің айғағы. Бұл білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, болашақ жұмысшы мамандарды сапалы даярлауға бағытталған нақты бастамалардың негізін қалады. Меморандум аясында бірлескен жобалар іске асырылып, өндірістік оқыту тәжірибесі жетілдіріліп, студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.
Кездесуде алматылық колледждің материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған оқу орнында көлік жөндеу шебері (автослесарь), металл жону шебері (токарь), фрезерлеу ісінің шебері сынды сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярланып келеді. Тараптар өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты күшейту, еңбек нарығы талаптарына сай маман қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, сәуір айында өтетін «WorldSkills Kazakhstan» кәсіби шеберлік байқауы аясында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастардың техникалық ойлау қабілетін дамыту және ерте кәсіби бағдар беру мәселелері сөз болды. Бұл бастамалар – тек білім сапасын арттыруға емес, техникалық мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Алматы колледжінің өкілдері Талдықорған индустриялық колледжінде ашылатын «фрезерлеу ісі» мамандығының салтанатты рәсіміне шақырылды. Бұл шара барысында оқу шеберханалары – автокөлік жөндеу, слесарлық іс, токарлық және дәнекерлеу бағыттары таныстырылып, екіжақты тәжірибе алмасу жалғасады.
Бүгінгі қоғамға тек диплом иесі емес, кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары, ойы сергек маман қажет. Әл-Фараби айтқандай: «Ісім оңсын десеңіз – сол істің маманы болыңыз». Осы ұстанымды ту еткен екі оқу орнының әріптестігі – сапалы білім мен саналы еңбекке бастар игі жол.
Гүлзира ЖҰМАГЕЛДІҚЫЗЫ,
Талдықорған индустриялық колледжінің кітапхана меңгерушісі





