Облыс орталығында кәсіпкерлік пен өнеркәсіп секторының қарқынды дамуы байқалуда. Бүгінгі күні қала аймақтың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 32,9%-ын шоғырландырған, бұл шамамен 21 мың кәсіпорынды құрайды. Қалалық бизнес саласы негізгі жұмыс берушіге айналып, 39 мыңнан аса адамды еңбекпен қамтуда. Бұл үдерісте мемлекеттік қолдау елеулі рөл атқарады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы 2,8 млрд. теңгеге 49 жоба қаржыландырылды. Облыс орталығының өнеркәсіптік әлеуеті де оң серпін көрсетіп отыр. Өткен жылдың 11 айында өндіріс көлемі 166,4 млрд. теңгеге жетіп, 6,5% -ға өсті.
Стратегиялық маңызды нысандар пайдалануға беріліп, ұлғайтылды. Олар газ-бетон блоктары мен электр энергетикалық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары. Сондай-ақ, керамикалық тақталар шығаратын зауыттың қуаты да кеңейтілді. «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытында жаңа технологиялық желі іске қосылды.
Осы индустриялық жобаларды іске асыру өңір тұрғындары үшін 330-дан аса жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Қалада осы саланың нан-тоқаш, сүт және шұжық өнімдерін шығаратын 21 нысаны жұмыс істейді.
Қуаты 7 мың тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа кәсіпорынның іске қосылуы үлкен жетістіктің бірі. Бұдан басқа, қала тұрғындарын маусымаралық уақытта дәруменмен қамтамасыз ету үшін қалада жаңа көкөніс жеткізетін 7 жылыжай үздіксіз жұмыс істейді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





