Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері Талдықорған қаласындағы №29 орта мектебінің ұжымымен кездесті.
Коалиция мүшелері Айбол Қасенов, Болат Тұрысбеков, Жамал Нұрлыбаевалар сала өкілдеріне жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен оның негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында коалиция мүшелері референдумның ел болашағы үшін маңыздылығы, азаматтық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық және белсенділік мәселелеріне тоқталды. Айбол Қасеновтың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат. Ол билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді және мемлекеттік басқару құрылымын тиімді етуді көздейді.
Өз кезегінде Жамал Нұрлыбаева жобаның негізгі бағыттары мен жаңашыл реформаларын таныстырып, цифрлық технологияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Ал, Болат Тұрысбеков мемлекет байлығы бүгінде біліммен бағаланатынын, білімді ұрпақ елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін айтып, жаңа Ата Заң білім мен ғылымды қолдауда маңызды рөл атқаратынын айрықша атап өтті.
– Еліміздің басты құжатында білім, ғылым, инновация – ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырылған. Адами капитал басты орынға қойылды, мемлекеттің байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің заңды түйіні, – деді Болат Тұрысбеков.
Кездесу барысында ұстаздар өз сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салды. Диалог еркін форматта өткен соң, білім саласы мамандары конституциялық реформалардың ел болашағына ықпалы туралы пікір алмасты. Іс-шара қорытындысында коалиция мүшелері педагогтарға алдағы референдумда азаматтық ұстаным көрсетіп, ел дамуына қатысты шешімдерде белсенді болуға шақырды.
«Жетісу-Ақпарат»






