Еліміз бойынша зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылады.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде ұсынылады. Бұл балалардың бірнеше мекемеге бару қажеттілігін жойып, олардың психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді.
Жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Аталған норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Алдағы уақытта кабинеттердің қызмет көрсету қағидалары бекітіліп, өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленді. Құжатта мұндай балаларды анықтау тәртібі, оларға қолдау көрсету тетіктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдері айқындалған.
Бұл шаралар ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы әрі кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.





