Отандық ғалымдар денсаулыққа пайдалы бал мен зімбір негізінде ерекше алкогольсіз фитосусын өндіру технологиясын ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталмыш жобаны Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүзеге асырды. Зерттеушілердің мәліметінше, жергілікті нарықта осы екі өнімнің үйлесімінен тұратын функционалды сусындар әзірге өндірілмеген. Мамандар шикізаттың барлық шипалық қасиеттерін толық сақтайтын арнайы ұқыпты өңдеу әдісін таңдады. Жұмыс барысында 40 шақты рецептура сынақтан өтіп, ең үздік төрт нұсқа таңдалып алынды.
Қазіргі таңда халықтың салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысы артып келеді. Осы бағытта жасалған жаңа өнім организмнің қорғаныш қабілетін күшейтіп, антиоксиданттармен байытуға көмектеседі. Елімізде бал өндіру көрсеткіштері жоғары болғанымен, оны терең өңдеу ісі әлі де дамуды қажет етеді. Жаңа технология ара шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдаланып қана қоймай, қосылған құны жоғары отандық тауар түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Инновациялық әзірлемеге Қазақстан Республикасының патенті беріліп, өндіріске қажетті әдістемелік ұсынымдар дайын тұр. Мамандар қазірдің өзінде технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге толық дайын екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта бұл бастама ішкі нарықтағы сапалы әрі пайдалы өнімдердің үлесін арттырып, кәсіпкерлік саланың өркендеуіне тың серпін бермек.





