Саяси маңызы үстем науқанның биік деңгейде өтуіне байланысты республикада, облыстарда, аудандарда құрылған коалиция мүшелері, басқа да саяси белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері халық арасында Конституция жобасын жете таныстыру мен кей бір күрделі тұстарын қарапайым халыққа түсіндіру жиындарын өткізуде.
Жақында облыстық коалицияның бір топ мүшелері жазиралы Жаркент өңіріне келіп, бірнеше ауылдың тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, Ата Заңымыздың жаңа жобасын таныстырып, түсіндіріп, басқосуға қатысушылардың өздеріне қойған сауалдарына жауап беріп, барша аудан тұрғындарын референдумға белсенділікпен қатысуға шақырып қайтты.
Осындай бір ауқымды басқосу Жаркент қаласындағы жайлы мектепте жүз берді. Оған аудан орталығының солтүстік шығыс ауданында тұратындар мен мектеп мұғалімдері қатысты. Жиында алдымен сөз бастаған облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Гүлнар Тойлыбаева Ата Заңның жаңа жобасын жасауға еліміздегі білікті заңгерлер мен танымал ғалымдар, депутаттар, облыстық мәслихат жетекшілерінің қатысқанын және бұл істің жарты жылға жуық уақытқа созылып, саяси қоғамдық ұйымдар мен халықтың, белсенді азаматтардың ұсыныс-тілектері жете зерделенгенін, олардың көбі жобаға енгізілгенін айтып өтті. Гүлнар Қожағұлқызы жобадағы бірнеше бапқа тоқталып, олардың ел тіршілігіндегі маңызын түсіндірді.
Жиында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, коалиция мүшесі Ермек Келемсейіт, облыстық мәслихат депутаты, аймақтық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Рима Алғаждарқызы, «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбеков, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов сөз сөйлеп, қабылдауға ұсынылған Конституцияның жаңа жобасы жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салып, қала тұрғындарын референдумға ұйымшылдықпен қатысуға үндеді.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





