Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мектептерде жасанды интеллектіні қолдануға қатысты талаптар мен шектеулерді айқындайтын әдістемелік құжат әзірледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құжатта жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтыны негізгі қағида ретінде белгіленген. Яғни бұл технология тек сабақ дайындауға, оқу материалдарын бейімдеуге және түрлі талдау жүргізуге көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырылады. Ал оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады.
Сондай-ақ білім нәтижелерін толықтай автоматтандыруға жол берілмейтіні атап өтілген. Жасанды интеллект арқылы дайындалған кез келген материал міндетті түрде мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс.
Құжатта цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге тыйым салынады. Сабақ барысында қолданылатын платформалар заңнамалық талаптарға сай болуы керек. Сонымен қатар академиялық адалдықты сақтау да басты талаптардың бірі ретінде көрсетілген.
Оқушылар жасанды интеллект көмегімен дайындалған жұмыстарды өз еңбегі ретінде ұсына алмайды. Мұғалімдер мұндай жағдайда тапсырманы қайта беруге құқылы.
Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens секілді сервистерді сабақта қолданудың нақты алгоритмдері мен сценарийлері ұсынылған. Бұл мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Әдістемелік ұсыным Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланған. Құжатты педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен оқушылар пайдалана алады. Мамандардың айтуынша, бұл қадам мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.





