Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында арнайы бақылау шаралары жүргізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкеновтің жеке бақылауымен бір тәуліктің ішінде полицияның арнайы есебінде тұрған 543 адам тексерілді. Полиция жұмысы есептегі тұлғаларды қадағалауға, сондай-ақ қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтауға негізделген. Мұндай тексерулер заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, ықтимал қылмыстардың жолын кесуге септігін тигізеді.
Жасұлан Байкеновтің айтуынша, профилактикалық жұмыстар азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда шешуші рөл атқарады. Кез келген құқық бұзушылық, тіпті алғашында елеусіз көрінгенімен, жалпы тәртіп деңгейіне кері әсерін тигізеді. Тазалық, тәртіп және заң талаптарын бұлжытпай орындау – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның тірегі. Сондықтан бақылау шаралары полицияның тұрақты назарында қала бермек.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Негізгі басымдық – қоғамда заңға бағыну мәдениетін орнықтыру және тұрғындардың тыныштығын қорғау. Тәртіп сақшылары өңірдегі қоғамдық ахуалды тұрақтандыру үшін кешенді амалдарды қолдануды көздеп отыр.





