Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалициясының мүшелері Светлана Оңғарбаева, Райхан Сисекенова «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұжымымен және шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын жан-жақты түсіндірді.
Алғаш сөз алған Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, Жаңа Конституция – болашаққа жасалған батыл әрі тарихи қадам.
– Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама тұрақтылық пен жаңғырудың бір-бірін толықтыра алатынын көрсетіп, орнықты дамуды және азаматтардың сенімін сақтауға жағдай жасайды, – деді спикер.
Райхан Сисекенова болса, Конституциялық реформа халықтың саяси процеске қатысуын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
– Конституция жобасында мемлекеттің зайырлы сипаты, сонымен бірге некенің ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде танылуы нақтыланған. Бұл – отбасы институтын, әйелдердің құқықтарын және ұрпақтар сабақтастығын қорғауға бағытталған маңызды норма, – деді Райхан Сисекенова.
Жиынға қатысушылар бір ауыздан Конституциялық референдумды қолдап, елдегі қоғамдық-саяси өзгерістердің оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
«Жетісу-Ақпарат»





