Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде әскери қызметке көктемгі шақыру науқанының басталуы туралы брифинг өтті. Онда ел қауіпсіздігі мен жастардың Отан алдындағы борышын өтеуіне арналған маңызды мәселелер сөз болды. 16 наурыздан бастап елімізде кезекті көктемгі әскерге шақыру науқаны ресми түрде күшіне енеді.
Жиын барысында Жетісу облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті заң қызметінің бастығы Ержан Адырбаев пен Талдықорған қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Мақсат Дүйсебеков атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен заңнамадағы өзгерістерді баяндады.
Ержан Әділханұлы азаматтардың құқықтық міндеттерін нақтылай келе:
«Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті саналады. 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негізі жоқ азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар көрсетілген күні мен уақытында жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша келуге міндетті», – деп заң талабын атап өтті.
Мақсат Қуандықұлы болса қазіргі таңда әскерге шақыру жүйесінің толықтай цифрлық форматқа көшкенін хабарлады.
«Бүгінде шақыру толық цифрлық жүйеге ауысты. Енді шақыру қағаздары СМС (1414) арқылы немесе ЕГОВ базасындағы жеке кабинетке жолданады. Егер азаматтың телефон нөмірі базада тіркелмеген болса, шақыру оның тұрғылықты мекенжайына жеткізіледі. Заңнан жалтарып жүргендерге қатысты шаралар қатаң. Басқарма іздеу жарияланған әскерге шақырылушылардың тізімін «Вечерний Талдыкорган» газетіне жариялаған. Егер әскерге шақырылушы іс сотқа өткенге дейін шақыру пунктіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», – деп азаматтарға мүмкіндік бар екенін де еске салды.
Брифингтің екінші бөлімінде журналистер сұрақ қойды. Әсіресе, әскер қатарындағы әлімжеттік мәселесі мен медициналық тексерістің әділдігі басты назарда болды. Мақсат Қуандықұлы медициналық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілетінін, әрбір шақырылушының денсаулығы жіті тексерілетінін жеткізді. Әскери бөлімдердегі тәртіп мәселесі де қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ, жиын барысында жастар үшін маңызды бір жаңалық айтылды. Әрбір азамат өзінің әскери борышын өтейтін жерді таңдауға құқылы. Тіпті, Жетісу облысының тұрғындары өз туған өлкесінде қалып, осындағы әскери бөлімдерде қызмет ету мүмкіндігіне ие. Мұндай қадам жастардың Отан алдындағы борышын туған жеріне жақын маңда, психологиялық жайлылықта өтеуіне жол ашады.
Заңнамадағы кейінге қалдыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. Ержан Адырбаев білім алушыларға қатысты маңызды ережені түсіндірді. Оның айтуынша: «Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру білім берудің әрбір деңгейі үшін бір рет қана беріледі». Яғни, колледжден кейін жоғары оқу орнына түскен жастарға жеңілдік жалғасады, бірақ бір деңгейде екінші мәрте оқу мүмкіндігі әскерден құтқармайды. Сонымен қатар, отбасы жағдайы бойынша, атап айтқанда, ата-анасын күтуге міндетті жалғыз бала болса немесе жұбайы мен балалары бар азаматтарға да заң аясында жеңілдіктер қарастырылған.
Қорыта айтқанда, Жетісу облысында көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жоғары деңгейде. Мамандардың сөзіне сүйенсек елдің ертеңі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кезең. Қорғаныс департаменті тарапынан жүргізіліп жатқан ашықтық пен цифрландыру жұмыстары халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайта түспек.
Мәулен Әнербай





