Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылындағы Абай көшесінің 30-ға жуық тұрғыны Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға қатысып, №107 сайлау учаскесінде бір мезетте дауыс берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Маңызды саяси науқанға ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен келіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Олардың айтуынша, референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам.
– Әрбір азамат өз елінің тағдырына бейжай қарамауы тиіс. Бүгін біз осында келіп, өз таңдауымызды жасадық. Бұл – Қазақстанның дамуына деген қолдауымыз, – дейді сайлаушылар.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындар Конституция – мемлекеттің негізгі заңы екенін атап өтті. Сондықтан мұндай маңызды мәселеде әр адамның өз пікірін білдіруі қажет екенін жеткізді.
Сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, №107 сайлау учаскесінде дауыс беру рәсімі барлық талапқа сай, тыныш әрі ұйымдасқан жағдайда өткізілуде.





