Көксу ауданы Балпық би ауылындағы № 238 сайлау учаскесінде «Көксу қант зауыты» ЖШС ұжымы дауыс берді. Іс-шараға 30 адам қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Көппен бірге өндіріс орнында еңбек ететін азаматтар да өздерінің азаматтық міндеттерін орындап, дауыс беру учаскелеріне барып, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Қант зауыты – аудан экономикасының тірегі саналатын ірі өндіріс орындарының бірі. Мұнда еңбек ететін жұмысшылар тек өндірісте ғана емес, қоғамдық-саяси өмірде де белсенділігімен ерекшеленеді.
Дауыс беру күні зауыт қызметкерлері жұмыс кестесіне қарамастан, кезек-кезек учаскелерге барып, өз таңдауларын жасады. Зауыттың тәжірибелі жұмысшыларының айтуынша, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ел дамуының басты бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Сондықтан әр азаматтың бұл науқанға қатысуы – үлкен жауапкершілік.
– Еліміздің болашағы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Біз де зауыт ұжымы болып, бір кісідей келіп дауыс бердік. Бұл – азаматтық борышымыз, – дейді зауыт жұмысшыларының бірі.
Көксу ауданында дауыс беру науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Учаскелерде барлық жағдай жасалып, тұрғындардың еркін түрде дауыс беруіне мүмкіндік берілді. Әсіресе, еңбек ұжымдарының белсенділігі ерекше байқалады. Қант зауыты жұмысшыларының бұл қадамы – ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтардың үлгісі. Олар өндірістегі еңбегімен қатар, қоғамдағы маңызды мәселелерге де белсенді қатысып, ел болашағына өз үлесін қосып келеді.
Айта кетейік, «Көксу қант зауыты» ЖШС Көксу ауданының негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 200-230 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді және жылына 25 мың тоннаға дейін қант өндіреді. Шикізатты тәуліктік қабылдау көлемі 2 мың тоннаға жетеді, ал дайын өнімнің тәуліктік шығарылымы 200-220 тонна қантты құрайды. Шикізатты сақтау үшін 9 гектар алаңы бар қағаттық учаске пайдаланылады. Өндірістік маусым кезінде зауытта 420-450 адам жұмыс істейді.





