Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Іле өзенінің белгілі бір учаскелерінде балық аулауға ресми түрде тыйым салынғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Инспекцияның 2026 жылғы 16 наурыздағы №22 бұйрығы негізінде енгізілген шектеу шаралары балықтардың уылдырық шашу кезеңінде популяцияны сақтап қалуға бағытталған.
Жаңа ережеге сәйкес, Шарын өзенінің сағасынан бастап Қытай Халық Республикасының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықта Іле өзені бойында балық аулауға болмайды. Шектеу 25 наурыздан бастап күшіне еніп, 5 шілдеге дейін жалғасады. Мамандар аталған мерзім аралығында су айдындарында бақылау жұмыстары күшейтілетінін ескертеді. Сонымен қатар инспекция өкілдері Қапшағай су қоймасы, Балқаш көлі, Алакөл көлдер жүйесі және Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендеріндегі жағдайды жіті қадағалап отыр. Бұл су айдындарында балық аулауға тыйым салу мерзімдері арнайы зерттеу нәтижелері бойынша қосымша жарияланатын болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Көлсай көлдері ұлттық паркі аумағында да осындай шектеулер енгізілген болатын. 2026 жылғы 1 наурыз бен 31 мамыр аралығында Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсай, Қайыңды көлдерінде және парктің барлық өзендерінде әуесқойлық немесе спорттық мақсатта балық аулауға рұқсат етілмейді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзған тұлғаларға қатысты қатаң әкімшілік шаралар қолданылатынын ескеру қажет. Жергілікті балықшылар мен туристерге мерекелік демалыс күндері сапарларын осы ережелерді ескере отырып жоспарлау ұсынылады.





