Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, елдігіміздің тірегіне айналатынын қадап айтты. Бұл құжат тек заңдар жиынтығы емес, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі кепіл болып саналады.
Олжас Бектеновтің айтуынша, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, сапалы заң көмегін алу және дербес деректердің қорғалуына кепілдік беру мәселелері енді негізгі заң деңгейінде бекітілді. Бұл қадам әрбір қазақстандықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, әділетті қоғам орнатуға жол ашады.
Президент атап өткендей, жаңа Конституция – егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғыры. Бүгінде жаһан жұрты Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституцияның прогрессивті сипатына куә болып отыр. Осы орайда, халықаралық сарапшылар Қазақстандағы реформалардың тиімділігі мен еліміздің жоғары беделін ерекше атап өтуде.
Үкімет Президент командасы ретінде алда тұрған мақсат-міндеттерге қол жеткізіп, реформалардың сапасы мен озық қарқынын қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіру жұмыстары басталады.
Жоспар бойынша:
- 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заң қайта қаралады;
- 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізіледі.
Бұл өзгерістер заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түспек.
Премьер-министр Ата заңды жаппай басып шығаруды және оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды тапсырды. Сонымен қатар білім беру саласы үшін әдістемелік нұсқаулар мен оқу құралдарын әзірлеу қажет. Бұл жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, Конституцияның маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.
Еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту – басты басымдықтың бірі. Бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болмақ.





