Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында көлік салығына қатысты өзгерістер мен жаңа Салық кодексінің тиімді тұстары жайлы брифинг өтті. Баспсөз мәслихатына Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Гүлмира Бейсекбай Бейсекбайқызы мен аталған басқарманың бас маманы Жұлдыз Салимова Бейсенбайқызы қатысты.
Қазіргі уақытта елімізде салық жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сөз болып отырған өзгерістер әрбір азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінуіне, сонымен қатар әлеуметтік әділдікті орнатуға бағытталған. Әсіресе, ескі көлік иелері үшін енгізілген жеңілдіктер көпшіліктің көңілінен шығатыны анық.
Басқарма басшысы Гүлмира Бейсекбайқызы жаңа Салық кодексіндегі жеңілдіктерге тоқталып:
«Негізгі өзгерістер жеңіл автокөліктерге қатысты салықты есептеу бөлігіне қатысты. Яғни, көлік құралын пайдалану мерзіміне қарай, шығарылған жылына негізделе отырып, түзету коэффициенттері қолданылады. Егер көлік құралы 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылса, оған 0,7 коэффициенті қолданылып, салық сомасы 30%-ға үнемделеді. Ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан көліктер үшін коэффициент 0,5-ке тең. Егер бұрын ескі көліктің салығы 20 000 теңге болса, енді оның иесі небәрі 10 000 теңге ғана төлейтін болады», – деді.
Сонымен қатар, спикер қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге қатысты да жағымды жаңалықты жеткізді. Ол:
«2013 жылдан кейін Қазақстанға әкелінген немесе шығарылған, қозғалтқыш көлемі 3000-нан 4000 текше сантиметрге дейінгі көліктер үшін бұрын қолданылған 35 АЕК мөлшерлемесі енді 15 АЕК-ке дейін төмендейді», – деді.
Аталмыш өзгеріс 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұған қоса, шаруа немесе фермер қожалықтарына бұрын берілген жеңілдіктердің аясы кеңейіп, енді олардың иелігіндегі бір пикап автокөлігі де салықтан босатылады.
Жиын барысында Жұлдыз Бейсенбайқызы салықтың жергілікті бюджетті қалыптастырудағы рөлі жайлы айта келе:
«Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін қалыптастырудың маңызды көздерінің бірі жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салығы екенін атап өткім келеді. Жетісу облысы бойынша 2025 жылға арналған салық базасы 130 288 жеке тұлғаны қамтып, жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгені құраған. Төлеу мерзіміне қатысты да нақты талаптар бар. Жеке тұлғалар салықты есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі керек. Осы мерзімнен кешіктіріп төленген жағдайда салық органдарының ақпараттық жүйелері мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептейтін болады. Сондықтан, 2025 жылдың салығын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеу қажеттігін әрбір көлік иесі есінде сақтағаны жөн», – деді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салық төлеушілерге өз бетінше есептеу жүргізу керектігін де ескертті. Көлік иелігінде бір жылдан аз уақыт болған жағдайда, салық сомасы оны нақты иеленген айлар санына қарай бөлінеді. Аталған ережелер салық жүйесін барынша ашық әрі түсінікті етуге бағытталған.
Жиын қорытындысында әрбір азаматтың уақытылы салық төлеуі керектігі тағы айтылды. Салық төленбеген жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
Мәулен Әнербай





